МОНИТОРИНГТІК ТОП АЗЫҚ-ТҮЛІК ПЕН ЖАНАРМАЙ БАҒАСЫН ТЕКСЕРДІ
Ауыл шаруашылығы басқармасы мен табиғи монополияларды реттеу, сондай-ақ бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменттерінің мамандары қаладағы бірнеше сауда нысандары мен жанар-жағармай құю бекеттеріндегі баға тұрақтылығын бақылап көрді.
Көкөніс пен жеміс-жидекті көтерме бағамен саудалайтын «Барыс» базарында баға тұрақты. Мәселен, картоп 140-200 теңге, пияз 70 теңге, сәбіз 150-170 теіге аралығында сатылуда. Саудагерлер тауарға 10-15 пайыз үстемеден артық қоспайтынын жеткізді. Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары бағаның негізсіз өсуі анықталған жағдайда 24-75-41 телефон нөміріне хабарласуын сұрайды. Бағаны негізсіз өсірген сатушыларға Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес ескерту мен айыппұлдар қарастырылған. Ол шағын кәсіпкерлерге 10 АЕК, орта бизнес субъектілеріне 75 АЕК, ірі кәсіпкерлік нысандарына 300 АЕК-ті құрайды.
— Бағаны реттеу екі жолмен іске асырылады. Біріншісі, қорға азық-түлік сатып алу, екіншісі, 0,1 пайызбен айналымға қаражат беру. Үкімет қаулысына сәйкес әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түліктің бағасын тұрақтандыру үшін 7,7 млрд. теңге бөлініп, оның қазір 5,4 млрд. теңгесі айналымда жүр. Қалада 3 әлеуметтік дүкен бар. Олардың санын биыл 30-ға жеткізу жоспарда тұр. Бұған қосымша арзан бағада азық-түлік сататын 115 шағын сауда орындары ашылады. Сондай-ақ «Магнум», «Фиркан», «Грамад» секілді ірі сауда дүкендеріне 2,3 млрд теңге айналымға қаражат берілді. Ірі сауда дүкендері желісінің артуына қарай бөлінетін қаржы көлемі де өсе түседі- деді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков.
Мегаполисте газ құю бекеттерінде сұйытылған газ бағасы 60 теңгеден саудалануда. Бұған Gas Energy және тағы басқа ЖЖБ-ға мониторинг жасау барысында табиғи монополияларды реттеу мен бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменттерінің мамандары анық көз жеткізді. Табиғи монополияларды реттеу комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің бөлім басшысы Бағлан Адыр мемлекет тарапынан жанармайларға шекті баға бекітілгелі газ бағасын негізсіз өсіруге қатысты деректер анықталмағанын айтты. Департамент өкілі егер тұрғындар бағаның өскенін байқаған жағдайда, бейнебақылауға түсіріп, айғақ ретінде департаменттің өзіне немесе жергілікті әкімдікке ұсынуға болатынын жеткізді.
Әнуар ЖҰМАШБАЕВ
ФОТО Серік ҚОСАЕВ