Үндістанда су тасқыны толастар емес
Осы уақытқа дейін Үндістанда су тасқынынан 182 адам көз жұмған. Табиғи апаттан елдің батысындағы Гуджарат штаты аса қатты жапа шеккен. Марқұмдардың көбі – осы штаттың тұрғыны. Мұнда 36 мың адам эвакуацияланып, уақытша орталықтарды паналауға мәжбүр. Негізі елдің біраз ауданын топан су басуына толассыз жауған жаңбыр себеп болған.
Осы ретте Үндістан Премьер-министрі бұл өңірлерге 77 миллион АҚШ доллары бөлінетінін айтты. Сондай-ақ құрбандардың жақындары мен жапа шеккендерге өтемақы төленетінін де мәлімдеді. Айта кеткен жөн, былтыр Үндістанда табиғи апаттар мен ауа райының қолайсыздығынан 1 мың 600 адамның ажалы жеткен. Марқұмдардың көбі аптаптан көз жұмған. Сондай-ақ топан су мен найзағайдан бақилық болғандар аз емес.
Дерексөздер: 24.kz