ВАКЦИНА АЛҒАН ОҚУШЫЛАР ОФЛАЙН ОҚИ АЛАДЫ

Pfizer вакцинасының екі компонентін алған оқушылар ата-анасының рұқсатымен дәстүрлі форматта білім алуына болады. Бүгінгі таңда екпенің екі компонентін алған 5 мыңнан астам оқушы офлайн білім алып жатыр. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының қашықтан оқыту процесімен танысу барысында мәлімдеді.

— Елдегі эпидахуалға байланысты және  санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің шешіміне сәйкес, мектеп оқушылары 3 тоқсанда қашықтан оқуды бастап кетті. Мұндай шешім қабылдауға коронавирус жұқтырған науқастардың арасында 18 жасқа толмаған жасөспірімдердің көбеюі де себеп болып отыр. Шымкент қаласындағы  203 мектепте 242 525 оқушы бар. Олардың басым бөлігі онлайн оқып жатыр. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің талаптарына сәйкес, Pfizer вакцинасының екі компонентін алған оқушылар ата-анасының рұқсатымен дәстүрлі форматта білім алуына болады. Бүгінгі таңда екпе алғандардың ішінен 5 мыңнан астам оқушының ата-анасы дәстүрлі оқытуға өтініш білдіріп, олар офлайн білім алып жүр, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының директоры Алмас Қайыповтың айтуынша, мектепте 3283 оқушы бар. Оқу жылының алғашқы екі тоқсанында 1597 оқушы бірінші ауысымда, 1602 оқушы екінші ауысымда, ал 84 оқушы аралық ауысымда оқып келген.

— Оқушылар 3-тоқсанды қашықтан білім алумен бастады. Мектеп мұғалімдері онлайн форматта дәріс өтуге дағдыланған.  Мұғалімдер мектепке келіп, ZOOM қосымшасы арқылы оқушылармен байланыс орнатып отыр. Ал, Pfizer вакцинасының екі компонентін алған оқушылар дәстүрлі форматта оқып жүр. Білім ордасының балансында 946 ноутбук-планшет бар. Бүгінде оның 200-ден астамы ата-аналардың жауапкершілігімен оқушыларға үлестірілді, — деді мектеп директоры А.Қайыпов.

 

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан мектепті аралау барысында «Математика» пәнінің мұғалімі Тұрарбек Балтабайдың 5 «з» сыныбына және «Информатика» пәнінің мұғалімі Тойлыбаева Камшаттың 6 «ғ» сыныбына ZOOM қосымшасы арқылы өткен дәрісіне қатысып, оң бағасын берді. Сондай-ақ, смартфон арқылы дәріс өтіп отырған мұғалімдерді сынға алды.

— Бүгінде қала мұғалімдері қашықтан оқытуға дағдыланған. Алайда, қолайлы болғаны үшін смартфон арқылы сабақ өтіп, алдында тұрған компьютерді пайдаланбауы дұрыс емес. Қала мектептерінде 57 мыңға жуық компьютер құрылғысы бар. Олардың барлығы интернетке қосылған. Ол әр 4 оқушыға 1 компьютер тиетінін көрсетеді. Бүгінде арнайы құжат толтырылып,  ата-аналарға ноутбук,  планшеттер таратылды. Жалпы, эпидахуал реттелген соң, мектептер де кезең-кезеңімен дәстүрлі оқуға көшіріледі, — деді Ш.Мұқан.

Замира АЛДАБЕРГЕНОВА

ФОТО Серік ҚОСАЕВ

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.