КӨКПАРДАН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ МЫҚТЫЛАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Бірлік ауылында көкпардан ересектер арасында облыс чемпионаты өтті. Биылғы аламан дода көкпардан Кеңес Одағының 7 дүркін жеңімпазы Тұрнияз Əбілбековтің жүлдесіне арналды. Жарыстың ашылу салтанатында Ордабасы ауданының әкімі Бағлан Батыршаев пен даңқты шабандоз Тұрнияз Əбілбеков көкпаршыларға сәттілік тіледі.
Бұл көкпар додасының негізгі мақсаты – сәуір айында Тараз қаласында өтетін ел чемпионатына Түркістан облысының негізгі құрамасын жасақтау. Сайысқа Ордабасы, Төлеби, Жетісай, Бәйдібек, Мақтаарал, Созақ, Сарыағаш, Сайрам, Қазығұрт аудандары мен Түркістан, Арыс, Кентау қалаларынан ең мықты деген командалар қатысып, жеңіс үшін бар күш-жігерлерін ортаға салды. Әрбір бәсеке тартысқа толы болды. Аса тартысты өткен жарыс нəтижесінде бас жүлдені Түлкібас ауданының құрамасы иеленсе, күміс жүлдеге Төлеби ауданының ұландары иелік етті. Ал қола жүлде Ордабасы ауданының жігіттеріне бұйырды.
Жекелей сыйлықтарға келсек, атақты шабандоз Темірхан Айтбаевтің Бақторы аты «Үздік сəйгүлік» атанды. Өз талантымен көпшілікті тəнті еткен Абылай Қарқабат «Үздік салымшы» деп танылды.
Доданы Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық ұлттық спорт түрлері мектебі ұжымы және Ордабасы ауданы әкімшілігі мен Ордабасы ауданы көкпар федерациясы жоғары деңгейде өткізді.