Шымкент: Мемлекеттік бағдарлама бойынша қайтарымсыз қаржы шығарып беремін деп, тұрғындарды алдап соққан кезекті азаматша ұсталды

Абай ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, қаладағы сауда үйлерінің бірінде кездескен бейтаныс азаматша кәсіп бастау үшін мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз 1 200 000 теңге шығарып беремін деп сендірген. Сондай-ақ, құжаттарды рәсімдеу үшін 250 000 теңге қажеттігін айтып, есепшотына аудартып алған. Алайда, уақыт өте азаматша уәдесінде тұрмай, телефон қоңырауларына жауап бермей, ізін суытқан. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) тіркеп, жедел-іздестіру шараларына кірісті.
Абай АПБ-ның тәжірбиелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылып, істің ақ-қарасын ажыратуға кірісті. Нәтижесінде, полицейлер тұрғынды алдап, ақшасын иемденген азаматшаны қала аумағынан ұстап, басқармаға жеткізді. Ол 35 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Тергеу барысында белгілі болғандай, ұсталған азаматша иемденген қаражатты өзінің бас пайдасы үшін жұмсап жіберген.
Шымкенттік полицейлер ұсталған азаматшаның тағы 4 тұрғыннан алаяқтық жолмен ақша алғанын анықтады. Яғни, оларға да қайтарымсыз қаражат шығарып беремін деп, жалған сөздерімен сендірген. Бұл ретте тұрғындар ақшасын қайтарып алу мақсатында полицияның көмегіне жүгінді.
Қазіргі таңда ұсталған азаматшаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.
Осы орайда, шымкенттік полицейлер қала тұрғындары мен қонақтарынан алаяқтардың арбауына түсіп қалмауды сұрайды, белгісіз азаматтарға артық сенім білдірмеу керектігін қатаң ескертеді.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.