ТҮРКІСТАН: ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ «ІСМЕР АНА» ЖОБАСЫН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ

Түркістан қаласындағы «Оқушылар сарайы» тек оқушыларға ғана емес, олардың аналарына да қолайлы жағдай жасауда. Солардың бірі – «Ісмер ана» жобасы. Басталғанына жарты жылға жуықтаған бұл жоба балаларын сабаққа алып келген аналардың бос уақытын тиімді пайдалануға және әйелдердің мәртебесін көтеруге бағытталған. Көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен және мамандық игермеген аналар тігін, қолөнер секілді курстарға қатысып, оны бітіргені жөнінде сертификат алады. Осы арқылы бірнеше әйел киім, құрақ тігуді үйреніп, өз кәсіптерін де ашқан. Оқушылар сарайының басшылығы бірегей бастаманың жетістіктерімен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевті таныстырды.
«Ісмер ана» жобасының жемісін көрген түркістандықтар тігін және тоқыма өнерін меңгеріп, «TURKISTAN» бренді бейнеленген ұлттық киімдер мен тауарларға тапсырыстар қабылдауда. Нәтижелі жоба жалғасып тауып, жақын арада жаңа топқа жиналған аналар бизнес жүргізудің қыр-сырын меңгеруге кіріседі. Оқушылар сарайының басшысы Индира Икапованың айтуынша, небәрі бір жылдың ішінде балалар мен мамандарың сұранысына сай 40-қа жуық үйірме жұмыс істеп тұр. Олар өнер, шығармашылық, ғылым, тіл, спорт және IT секілді 6 бағытта қызмет көрсетеді.
Түркістанның шет аудандарынан арнайы келіп, үйірмеге қатысатын балалар үшін барлық мүмкіндік жасалған. 1000-нан аса бүлдіршін мектептен тыс уақытын осында өткізеді. Олардың көпшілігі гимнастика, жекпе-жек, таэквондо сияқты спорттық бағыттарға, одан кейін домбыра, вокал және робототехника, суретші-аниматор үйірмелеріне келеді. Ғылымға қызығатын да балалар аз емес. Әр пән бойынша қосымша сабақ алуға да жағдай жасалған.
Оқушылар сарайы соңғы технологиялық жабдықтармен жабдықталған. «IT & SANA» бөлімінде «Роботехника LEGO», «Логика дамыту», «Суретші-аниматор», «Мобилография» сынды үйірмелер жұмыс істеп тұр. Баланың робот, дрон құрастыруына, жалпы алаңсыз ғылыми ізденіспен айналысуына мүмкіндік бар.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.