Шымкент: Жергілікті тұрғынның ауласынан қой ұрламақ болған азамат ұсталды
Қаратау ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, белгісіз тұлға таңғы сағат 07:00 шамасында үйінің ашық қалған есігі арқылы заңсыз кіріп, қорасынан қойын ұрлауға тырысқан. Ұрлықтың үстінен түскен тұрғын бірден ұрлық жасамақ болған азаматқа ұмтылып, полицияның «102» арнасына жүгінген.
Хабарды алған тәртіп сақшылары оқиға орнына жедел жетіп, қажетті іс-шараларды жүзеге асырды. Ұсталған азаматтың жеке басын анықтап, басқармаға жеткізді. Ол 34 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.
Азаматқа қатысты ҚР ҚК 188-бабымен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ, тергеу барысында анықталғандай ұсталған азамат бұрын осы мал ұрлығы бойынша сотты болған. Қазіргі таңда ер адам уақытша ұстау абақтысына жабылған.
Айта кететін ақпарат, ағымдағы жылдың 1-наурызынан бастап, қала аумағында республикалық «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Іс-шара барысында ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабымен (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу) 4 тұрғынға әкімшілік хаттама толтырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Жедел-профилактикалық шара ағымдағы жылдың 10-наурызына дейін жалғасын табады. Мұндай профилактикалық шаралар мал ұрлығы қылмыстарының алдын алуға мүмкіндік береді. Тәртіп сақшылары мал иелеріне ұрылардың құрбаны болмас үшін малдарын қараусыз қалдырмауды ескертеді. Сондай-ақ, таңба мен ен салуды ұсынады. Мал ұрлығы орын алса немесе жоғалған жағдайда «102» телефонына тез арада хабарлауға кеңес береді.