ТҮРКІСТАН: «АMANAT» АШЫҚТЫҚ ПЕН НАҚТЫЛЫҚТЫ ҰСТАНАДЫ

Мемлекет басшысы, «Амаnat» партиясының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев партияның кезектен тыс ХХІІ съезінде маңызды бірқатар міндеттерді жүктеді. Осыған орай бүгін облыс әкімі, облыстық партия филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өңірлік партия активінің жиыны бейнеконференбайланыс арқылы онлайн форматта өтті. Оған Саяси кеңес мүшелері, қоғамдық кеңес төрағалары, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, «Jas Otan» жастар қанатының мүшелері, бастауыш партия ұйымы мен ардагерлер кеңесінің төрағалары, партия ардагерлері мен белсенділері қатысты. Жиында съезде берілген тапсырмаларды орындау мәселесі қаралды.
       «Амаnat» – елдің, қоғамның арасындағы қордаланған мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етіп, сайлаушылардың сенімін арқалаған партияның шынайы бейнесін айқындайды. Алдағы жоспарларды сапалы атқаруға деген жауапкершілікті күшейтеді» деген Өмірзақ Естайұлы Съезде қабылданған шешімдер, партия ребрендингі қолдау тапқанын айтты.
Партияның облыстық филиалы тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Атқарылған жұмыстар мен партияны модернизациялау бағдарламасы жөнінде «Аманат» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев баяндама жасады.
      «Төрағаның партияны модернизациялау бойынша берген тапсырмасы аясында саяси ұйымның жұмысына кешенді талдау жүргізілді. Республика бойынша ұсыныстар жиналды. Нәтижесінде маңызды ұсыныстар топтастырылып, 7 бағыттан тұратын жаңғырудың бағдарламасы қабылданды. Партияның өзгеріске ұмтылуы қоғамның негізгі сұраныстарына – адалдық пен әділдікке, тиімділік пен жауапкершілікке, жеделдік пен ашықтыққа негізделген» деген ол түркістандық партияластарды ұсынылған бағдарламаны қолдауға және бірлесіп жүзеге асыруға шақырды. Қоғамдық кеңестер саны қысқарып, тұрғындармен байланыс орнату жетіле түсетінін айтты. Халықты толғандыратын ең маңызды және өзекті мәселелер бойынша «Talqylau» пікірталас алаңы құрылады. Осы арқылы «Ашық партия» тұжырымдамасы жүзеге асырылмақ.
       Актив отырысында жарыссөзге облыстық мәслихат депутаты Нұралы Әбіш, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың профессоры Жазира Исаева мен облыстық мәслихат депутаты Бекжан Айткулов пікірлерін білдіріп, жұмыс тәсілін жаңарту бастамасына қолдау білдірді.
       Жиын соңында облыстық партия филиалының төрағасы Ө.Шөкеев аудандық, қалалық филиал төрағаларына нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтсақ, Жол картасы индикаторларының орындалуын қатаң бақылауға алып, шынайы талдау жасау, азаматтар үшін қоғамдық қабылдауларды шалғай елді мекендерде ұйымдастыру, жуырда аудан, қалаларда ашылған «Парасат» пікірталас клубтарының жұмысын жандандыру, партия мүшелері көп шоғырланған аудан, қалалардағы БПҰ-да қоғамдық қабылдау бөлмелерін ашу, жастарды қолдауға бағытталған партиялық жобалардың өз деңгейінде жүзеге асырылуына жағдай жасау. Аталған міндеттер өз бақылауында екенін айтқан өңір басшысы тұрғындармен жиі кездесіп, ашық саясат жүргізіп, елдің өтініштері мен ұсыныстары бойынша жедел әрі нақты әрекет етуді тапсырды.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.