ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ ЖЕТІСАЙЛЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ЖҰМЫСЫН ӨЗГЕЛЕРГЕ ҮЛГІ ЕТУДІ ТАПСЫРДЫ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен Жетісай ауданына келіп, мақталы өңірдің жағдайымен танысты. Былтыр бюджет есебінен мемлекеттік грант алып, өз кәсібін дөңгелеткен азаматтардың көрмесі ұйымдастырылды. Кәсіпкерлік мақсатта берілетін қайтарымсыз гранттар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Сондай-ақ «Бастау Бизнес» жобасы арқылы грант алғандар да бар.
Жалпы былтыр Жетісай ауданында 587 адам мемлекет тарапынан қайтарымсыз грантқа ие болған. Оның ішінде әйелдердің үлесі – 305 адам. Олардың қолдарынан шыққан түрлі қолөнер бұйымдары, тағамдар, көрпе-жастық, моншақтар, көкөністер мен өзге де қажетті дүниелер бүгінде нарықта сұранысқа ие. Өмірзақ Шөкеев мемлекеттің қолдауымен кәсібін ашып, отбасын асырап жүрген жетісайлық кәсіпкер әйелдердің жұмысын жоғары бағалады. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
– Үлгі етерлік жағдай. Әр азамат кәсіппен айналысып, өз отбасын асыраса, өзіне де, қоғамға да пайдалы болмақ. Мемлекеттік жеңілдіктер арқылы өз ісін бастаған тұрғындарға тек сәттілік тілеймін. Жалпы жұмыс істеймін деген ниеті бар тұрғындарға мемлекет тарапынан ұсынылатын бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы кеңінен мағлұмат берілуі тиіс. Ауыл әкімдері осы мәселені де назарда ұстауы қажет, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Облыс әкімі Жетісай қаласын ұлғайтуға бөлінген 80 га аумағында болып, аймақтың инфрақұрылымын дамытудағы өзекті мәселелерге тоқталды. Облыс әкіміне тұрғын үй кешені мен аумақты аббатандыру, болашақта салынатын ғимараттардың эскизі көрсетілді. Сондай — ақ заман талабына сай салынған №7 «Тұран» мектеп-гимназиясында болды. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2019 жылы басталып, былтыр Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында пайдалануға берілген.
Өңір басшысы Жетісай қалалық емханасының да жұмысымен танысты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.