ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВКЕ МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДАҒЫ ЖАҢА ЖОБАЛАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Жуырда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы жиында Мақтаарал ауданының экономикалық дамуын талқылап, аудан әкімі Бақыт Асановқа тапсырмалар жүктеген болатын. Бүгін сол жиында айтылған өзекті мәселелерді шешу әрі елдің пікірін тыңдау мақсатында өңір басшысы Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен барды.
Шалғай аудандар мен ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту мәселесі облыс әкімдігінің жоспарынан тыс қалған емес. Өмірзақ Естайұлы Атакенттегі дәрігерлік амбулаторияның жағдайымен танысып, денсаулық сақта саласындағы өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарды тыңдады. Ескірген ғимараттың орнына жер бөлініп, құрылысы қолға алынатын болды.
Аудандағы өзекті мәселелермен танысқан облыс әкімі жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктеді. Кәріз жүйесін құруға қатысты жобалардың тым қымбатқа түсетінін айтқан облыс әкімі автономды модульді жүйені қарастыруды тапсырды. Инфрақұрылымы жоқ және оны жүргізу тым қиын жерге көпқабатты тұрғын үйлерді салуды тоқтату керектігін айтты.
– Мен осы мәселені қашанғы қайталай берем? Биік үйді тұрғызып, не жарық, не газ, кәріз жүйесін жеткізе алмай отырасыздар. Инфрақұрылымы қыруар қаржыны талап ететіні белгілі. Одан да жер беру керек. Тағы да қайталаймын, ауылды жерде көпқабатты үйлерді салудың қажеті жоқ. Екіншіден, басты мәселе – жұмыс орындарын ашу, тұрғындарды жұмыспен қамту. Осы индикатор арқылы кімнің қалай жұмыс істеп жатқаны аңғарылады. Сондықтан ауылдарды аралап, жұмыссыздар санын нақтылау қажет. Еш жерде тіркелмеген, бірақ жұмыс істеп, табыс тауып жүрген азаматтарды жұмыссыздар қатарынан шығару ісін де жүйелеген жөн, – деді облыс әкімі.
Аудан басшысы Бақыт Асанов Өмірзақ Шөкеевті Мақтаарал ауданындағы индустриялды аумақта жүзеге асатын жаңа жобалармен таныстырды. Мұнда мақта талшығын өңдеу, темірбетон өңдеу, мақта майын өңдеу, баламалы гибридті электр станциясы, жұмыртқа өнімдерін өндіру орындары іске қосылуда. Сондай ақ элиталы мақта сорты таныстырылды. Мақтааралдық мақта тұқымы – зиянкестерге төзімді әрі экономикалық тиімді.
Өңір басшысы «Huayi International Cotton Co., Ltd» мақта зауытының құрылыс аумағында болды. Сонымен бірге Атакентте болып, шаруалармен «Еспол» ЖШС-не қарасты диірменді іске қосу барысын талқылады.
Сонымен қатар 4 гектар жерде 100 адамды жұмыспен қамтып отырған «Хамро ата» шаруа қожалығының жылыжайында болды. Шаруа бақша дақылдарын өсіріп, табысын арттыруға бел буған. Оңтүстік аумақтарда жаңа жұмыс орындарын ашудың үлгісін көрсетуді ұсынған облыс басшысы жылыжай санын арттыру арқылы өзін-өзі қамтитын және өзгеге жұмыс тауып беретін азаматтардың артатынын айтты.
Сондай-ақ Мырзакенттегі орталық саябақтың жай-күйін бағдарлады. Бұл саябақты қалпына келтіру қажет. Мәселе зерделеніп, тиісті шешім қабылданатын болды. Құрылысқа қажетті қаражат бөлінбек. Жалпы жұмыс сапары барысында облыс басшысы жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығын дамыту бағытында сала мамандарымен ақылдасты. Осы түйткілдерді шешу ісін күшейтуді тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.