БІР ЖЫЛДА 127 ЖҮЛДЕ ИЕЛЕНДІ
Шымкент қаласында еліміздегі дәстүрлі өнер бағытында ашылған тұңғыш мектепке биыл бір жыл толып отыр. Қаратау дәстүрлі өнер мектебі 2021 жылы 15-ші наурыз күні қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тікелей қолдауымен ашылған болатын.
Осы уақыт ішінде өнер мектебінің шәкірттері халықаралық, республикалық, қалалық байқауларға қатысып 127 жүлдеге қол жеткізді. Бұл қадамын енді басып келетін жас мектеп үшін өте үлкен жетістік.
«Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің бір жылдық мерейтойына орай және көпшілік қауымды дәстүрлі ұлттық өнердің төл туындыларымен таныстыру мақсатында өнер мектебінде мерекелік шара өтті.
Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған шараға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұхан, мәслихат хатшысы Б. Нарымбетов қатысты.
Іс-шара аясында ұлттық-рухани құндылықтарды насихаттайтын күй мен жыр, әндер айтылып, ұлттық аспаптардың қатысуымен шығармалар орындалды. Сонымен бірге балалардың қатысуымен ұлттық ойындар ойналып, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың рәсімдері көрсетілді.
Келушілер ұлттық қолөнер туындыларының көрмесі мен бейнелеу өнерінің «Көркемсурет» галереясын тамашалады.
Сонымен бірге өнер мектебінің директоры Біржан Байтуов келуші қонақтарды бір жылда атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырып өтті.
Айта кетейік, Қаратау дәстүрлі өнер мектебі дәстүрлі өнер және көркем-шығармашылық екі бағытта жұмыс жасайды.
Дәстүрлі өнер бөлімінде: Домбыра, Қыл қобыз, Прима қобыз, Жетіген, Айтыс, Дәстүрлі ән, Ән домбыра, Фортепиано, Вокал сыныптары жұмыс жасайды.
Көркем-шығармашылық бөлімде: «Зере» дәстүрлі тәрбие сыныбы (қыздарға арналған), «Толағай» дәстүрлі тәрбие сыныбы (ұлдарға арналған), «Шамшырақ» сәндік-қолданбалы өнер сыныбы (қыздарға арналған), Қолөнер сыныбы (ұлдаға арналған), Көркемсурет, Поэзия, Шешендік өнер, Актерлік шеберлік, «Қазына», «Қаратау қызғалдағы» би үйірмелері жұмыс жасайды.
«Қаратау» дәстүрлі ұлттық өнер мектебі Шымкент қаласы Бекет батыр көшесі, N5-үйде орналасқан. Мұнда мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдер (6-17 жас аралығындағы жасөспiрiмдер мен жастар) қабылданады. Мектепті бітірушілерге арнайы куәліктер беріледі.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі