Шымкент: Сервистік полиция аясындағы атқарылып жатқан жұмыстар бойынша кездесу өтті

Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың “Жаңа Қазақстан” атты Қазақстан халқына үндеуінде жарияланған тапсырмалар бойынша Шымкент қаласында ауқымды жоба-жұмыстар қолға алынып, жүзеге асырылып келеді.

Полицияның сервистік модельге көшуі, яғни, тәртіп сақшыларының қолжетімді, ашық әрі халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жедел және дамыған әдістерді қолдануы – басым бағыттардың бірі. Тәртіп сақшыларының цифрлық технологияны меңгеруі, сондай-ақ қоғамда қылмыстардың азаюы мен оларға тосқауыл қоюы бойынша қала аумағында жүйелі бастамалар іске асырылып жатыр.

Жүктелген тапсырмалар негізінде жұмыстарды одан әрі тиімді әдістерді қолдана отырып, жедел жүзеге асыру үшін ағымдағы жылдың 11-наурызында Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қ.Дәлбековтің бастамасымен ауқымы кең шара ұйымдастырылды. Жиынға департамент бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі  М.Алтаев, Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ұ.Мылтықов, аудандық Полиция басқармаларының басшы құрамы мен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исахов және ведомствоаралық топтың мүшелері қатысты.

Кездесу барысында қауіпсіздік мәселелеріне ден қою бойынша ұсыныстар әзірленіп, мемлекеттік органдар мен басқа да мүдделі тараптар арасында жоспар түзілді. «Полицияның сервистік моделін» қолданысқа тиімді енгізу үшін пилоттық жоба ретінде Әл-Фараби ауданы «ЖД вокзал», «Юбилейный», «МЖК», «Көксай-1» шағынауданы квадраты белгіленді. Қазіргі уақытта, ведомствоаралық топ анализ, мәліметтер жинау, халық арасында сауалнама жүргізу, проблемаларды талдау, азаматтар мен полиция және басқа да мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынастың жағдайын зерттеу жұмыстарын қарқынды атқаруда.

«Ел Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың халыққа Жолдауында атап өткендей, «Полиция қызметінің сервистік модельге көшуі – басым бағыттардың бірі».  Яғни, халыққа сапалы қызмет көрсетуге және қауіпсіздік мәселелерін қоғаммен өзара серіктестікте шешуге баса көңіл бөлініп отыр. Бұл ретте, біз тәртіп сақшылары –  азаматтарға сапалы полиция қызметтерін көрсетіп, халықпен тығыз байланыс жасай отырып, қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталған жұмыстар атқарудамыз. Басты қағида: Полиция – қашанда елдің қорғаны. Елімізде полицияның ұлттық моделі қалыптасуда. Полиция азаматтардың проблемаларын шешетін және көмектесетін қызмет болғандықтан, ашылған модульдік полиция пункттері құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті қаланың бас полицейі Қайрат Сұлтанбайұлы.

Айта өтетін ақпарат, «Полиция органдарында жұмыстың сервистік моделін» енгізу мақсатында қала әкімі М. Әйтеновтің Өкімімен әкімдік жанынан ведомствоаралық топ құрылған болатын. Топ құрамына полиция қызметкерлері, білім, денсаулық саласының, әлеуметтік қорғау, әкімдік пен прокуратура органдарының өкілдері енгізіліп, тиісті тапсырмаға сәйкес жоспарлы жұмыс жүктемелеріне ден қойған.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.