ЖАС МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Бүгін облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен барлық мемлекеттік органдар орындауға міндетті үлгілік базалық бағыттың төртінші блогы – «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және оның алдын алу» жобасы аясында жас мемлекеттік қызметшілермен еркін форматта кездесу өтті.

Мемлекет мүддесі мен ел игілігі жолында адал қызмет етудің маңыздылығы ортаға салынған алқалы жиынға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Өркен Балажанов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов, облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Мақсат Исаев арнайы қатысты.

Облысқа қарасты барлық басқарманың жас мамлекеттік қызметшілері белсене қатысқан шарада әдеп нормаларын сақтау, елге адал қызмет ету, әділ шешім қабылдау, ар тазалығын биік қою және бармақ басты, көз қысты әрекеттердің тигізер салдары мен зардабы бойынша түсіндіру шаралары жүргізілді.

Жиын барысында Президенттің жарлығына сәйкес, Әдеп кодексіне енгізілген жаңа талаптар таныстырылып, кодекстің негізгі бағыты — мемлекеттік қызметкерлердің этикалық қасиетін жетілдіру екендігі ортаға салынды.

«Ұсақ кемшіліктер – үлкен қателікке әкеліп соғуы мүмкін. Мемлекеттік қызметшілер, ең алдымен әдеп нормаларын берік сақтай отырып, ардың тазалығын басты назарда ұстауы қажет. Баршаңызды ақ жолдан таймай, заң аясында қалтқысыз қызмет етуге шақырамын»,- деді Өркен Балажанов.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттағы соңғы жаңашылдықтар мен өзгерістерді хабарлаған Ержан Әліұлы 2022-2026 жылдарға арналған Тұжырымдаманың негізгі аспектілерін таныстырып, сыбайлас жемқорлық көріністері жиі ұшырасатын салалар мен облыс аумағындағы мемлекеттік қызметшілер тарапынан орын алған құқықбұзушылықтарға тоқталды.

Сондай-ақ, пара алу мен пара беруді өз мәселесін шешудің оңай әдісі деп қарайтын тұлғалардың үлесін түбегейлі азайту мақсатында бүгінгі күні Агенттік тарапынан нақты шаралар атқарылып жатқандығын баяндады.

Шара соңында өңірімізде анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша арнайы әзірленген бейнеролик қатысушылар назарына ұсынылды.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.