Шымкент: Құжатсыз тұратын адамдарды құжаттандыру бойынша науқан өтті
Республика аумағында 2020 жылғы қыркүйектен бастап мәртебесі заңмен реттелмеген адамдарды анықтау, ҚР азаматының құжаттарын ресімдеу немесе азаматтығы жоқ адамдарды куәландыру бойынша науқан өткізілуде.
Осы мақсатта ағымдағы жылдың 13-сәуірінде Әл-Фараби АПБ «Азаматтарды қабылдау кеңсесінде» Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері Адам құқықтарының заңдылығын сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросымен, “Сана Сезім” әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы” ҚБ бірлесіп азаматтығы жоқ тұлғаларға кеңес беріп, құжаттарын табыстады.
Жалпы науқан басталғаннан бері Шымкент қаласы бойынша 600 құжаттанбаған адам анықталды. Оның ішінде 145 тұлғаға азаматтығы жоқ куәлігі беріліп, қалған тұлғалар Қазақстан азаматы ретінде танылған анықтаманы алды. Сондай-ақ, ескі үлгідегі паспорт бойынша 162 адам тіркеліп, құжатсыз жүрген 228 адамға анықтама беріліп, құжаттар рәсімделді.
«Бұл іс-шара республиканың барлық өңірлерінде өткізілуде. Азаматтығы анықталмаған адамдарды анықтау және құжаттандыру бойынша кең ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, құжаттары жоқ адамдарға олардың құқықтық мәртебесі мен заңды сәйкестілігін анықтау мәселесін шешуге көмек берілуде. Қазақстанның әрбір азаматы өз құқықтарымен қорғалып, медициналық немесе әлеуметтік көмек, білім, зейнетақы мен жәрдемақыны ала алатындай болуы керек. Және ресми жұмыс істеп, ешқандай қиындықсыз өмір сүруге мүмкіндігі бар. Біз бұл тұрғыда аянбай еңбек етудеміз. Полиция – қашанда елдің қорғаны. Ішкі істер органдары үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен мәртебесі заңмен реттелмеген адамдарды анықтап, көші-қон қызметі оларға мәртебесін алуға көмектеседі және Қазақстан Республикасы азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның құжаттарын рәсімдеп береді», — дейді Көші-қон қызметі басқармасының Азаматтық және иммиграциялық бөлімнің бастығы полиция полковнигі Г.Ж.Нысанбаева.
Құжатсыз тұратын адамдарды анықтау бойынша жұмыстар жалғасуда. Осыған байланысты құжатсыз немесе ескі үлгідегі КСРО паспорты негізінде тұратын адамдар Шымкент қаласы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының 97-63-34, 97-63,02 немесе серіктестердің 55-13-00 телефондарына жүгіне алады.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі