Шымкент: Әл-Фараби ауданында бір аптада ортақ пайдаланылатын орындарды ластаған 128 құқықбұзушы анықталды
Шымкентте тәртіп сақшылары қоғамдық орындардың ластануына байланысты құқықбұзушылықтарды болдырмау мақсатында халықпен профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп отырады. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары жедел басқару орталығының Бейнебақылау камераларының көмегімен белгіленбеген орындарда қоқыс тастағаны үшін тұрғындарды анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартады.
2022 жылдың 6-13-сәуір аралығында осы құқық бұзушылық үшін 128 азамат жауапкершілікке тартылды. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) бойынша хаттама толтырылды.
Жалпы пайдалану орындарын, саябақтарды, скверлерді ластау, оның ішінде белгіленбеген орындарда коммуналдық қалдықтарды шығару бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал егер бұл әрекеттер бір жыл ішінде қайталап жасалса, тәртіп бұзушыға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Осы орайда, Шымкенттік полицейлер қала аумағында тазалықты сақтауды сұранады.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі