ТІЛ МӘСЕЛЕСІН СІРІҢКЕГЕ АЙНАЛДЫРМАЙЫҚ!
Бүгінде танымал болу сәнге айналғандай. Көп адам атақ үшін жұмыс істеп жатыр. Оны айтасыз, смартфон ұстап үйренген бүлдіршіннің өзі тик-токқа түсуде. Әдемі көйлегін киеді, ән айтады. Онысын смартфонға түсіріп, интернетке жүктеп жібереді. Өзгені қайдам, өзімнің қызым да сондай. Ал ес біліп қалғандар арасында келешекте мемлекет тізгінін ұстағысы келетіндер жетерлік. Олар ә дегеннен саяси сараптама жасап, пікір айтқысы келеді. Алайда, оған өресі жетпейді. Дегенмен, мұнда да көпшілік қолдай кететін жеңіл тақырып бар. Ол – қазақ тілі мәселесі. Сөйтіп осы тақырыппен тұрақты айналысуға кіріседі. Себебі, бұл жұмысы оңай, үнемі қозғалып тұратын проблема. Әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығасың да кез-келген сатушысы орыс дүкенге кіре сал. Одан бір затты қазақша сұра. Сатушы орысшалап түсінбегенін айтса бітті. Сол жерде айқай сал, сатушыдан мемлекеттік тілде сөйлеуін талап ет.
Міне, қазір ел ішінде күн өткен сайын осындайлар көбейіп барады. Олардың әрекетінің соңы үлкен дауға ұласып жатыр. Жалпы бүгінде жанжалдың көбі өз талаптарын интернетке шығарғандардан туындауда.
1993 жылы түркістандық ақын Қаныбек Сарыбаев шовинизммен күресу үшін мылтық емес, қулық керек екенін өз өлеңінде айтып кеткен. Алайда, бізде әлде де оны түсінбейтіндер жетерлік. Тіл үшін күресіп жүргендердің кейбіреуі сауатсыз, ұрда-жық секілді. Содан кейін түймедейді түйедей етуге құмар. Олардың тірлігін әлеуметтік желіде саясаттан хабары жоқтар қолдай кетеді. Сол қолдағыштар елде қазақ ұлтының жыл сайын көбейіп жатқанын, сол арқылы ана тіліміздің салмағы артып келе жатқанын ойламайды. Бекерге шу шығарып ресми Мәскеуге Қазақстанда қандай мәселе барын көрсетіп қойдық. Кремль де дереу іске кірісіп, елдегі орыс тілділердің сөзін сөйледі. Мұндай мәселенің тек Қазақстанда ғана емес, Орта Азияда да бар екенін ұққан Ресей билігі Тәжікстанда, Өзбекстанда орыс тілін төрге шығару үшін бағдарлама жасады. Екі елде де орыс тіліндегі бес-бес мектептен салуды қолға алды. Қолға алғанда шығынды тәжіктер мен өзбек ағайындарға салды. Мәселен, Өзбекстандағы мектеп шығынын миллиардер Әлішер Усманов көтерді. Өзбекстанның білім министрі «Елімізде орыс тілін дамыту қажет» деп сөйледі. Ол сол сөзін шын пейілімен айтты дейсіз бе? Саясат үшін айтты да қойды. Ал көрші елде қайсы тілдің қанат жаятыны бәрібір белгілі. Ол жақта жергілікті ұлт демографиялық басымдыққа ие. Сондықтан Өзбекстан елінде орыс тілі көктемде ерте шығып жоқ болатын саңырауқұлақтың күйін кешеді.
Күндердің күнінде Қазақстандағы ахуалы осындай күйге түсетін орыс тілі үшін өзгелермен жаға жыртыспайық. Тіл жанашыры болсаң, алдымен өзге тілде сайрап жүрген өз қандастарымыздан ана тілінде сөйлеуін өтініш жаса. Осы елдегі барша қара көз өз тілінде сөйлесе, өзгелер амалсыз қазақ тілін мойындайды.
Бізде елдің солтүстік өңіріндегі қазақтар ана тілін білмейді деген жаңсақ пікір бар. Оның бәрі бос сөз. Ана тілін білмейтін қазақтар барлық ірі қалаларда кездеседі. Оңтүстік пен батыстағы бауырларымыз солтүстікке барғанда тек қалаларынан қайтады. Ал өзім Павлодарда орыс тілін жетік білмейтін қазақты көрдім. Мен көрген қандастарымның көбі ана тілінде еркін сөйлейді. Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдық жердегі кейбір қазақтардың орыс тілін мүлде білмейтінін естідік.
Тіпті, бірде мынадай оқиғаның куәсі болдық. Павлодар қаласына түнде жетіп, қонақүйден орын алып жатқанбыз. Ресепшн қызметін орыс әйел көрсетіп тұрған. Біздің алдымыздағы бірнеше қандасымыз ресепшнге орысша сөйлеп жатқан. Бір кезде әлгі әйел «Айналайындар-ау, қазақша-ақ сөйлей беріңдерші» десе бола ма? Міне, осының өзі талай нәрсеге дәлел.
Қысқасы, инедей затты найзадай көріп, төнетін бұлттай түнере салуды доғарайық. Тарихқа көз жүгіртсеңіз Қытай елін сақ та түртпектеген, моңғол да шапқан, манчжурлар да билеген, жапондар да жаулаған. Соның бәріне сабыр сақтап, демографиялық бағыттан айнымаған Қытай бүгінде әлемдегі алпауыт елге айналды. Ойлан, қазақ!
Сабыржан БАЙБОСЫНОВ.