Адам баласының ризығы

 

Он сегіз мың ғаламның иесі Алла-Таға­ла адам баласын Хауа ананың құрсағында бір тамшы судан жаратқанда, бір періштеге әмір беріп: «Мен ұлық қып, ерекше саналы ғып топырақтан жарат­қан адамның ұрпағы анасының құрса­ғында жатқанда жын-пері иектеп, мүге­дек, кемтар қылып жүрмесін, жарық дүниенің есігін ашқанша күзетіп тұруды саған аманат етемін», – деген екен.

Содан періште өзіне тапсырылған міндетін адал атқарады. Бірақ, айы, күні толған соң да нәресте ана құрсағынан шыға қоймайды. Мұның себебін сұраған қорғаушы періштеге нәресте: «Мен мына жылы да жайлы жерден ешқайда шық­паймын. Жарық дүниеде не жақсылық бар? Ыстық-суыққа күйіп-тоңып, бір аяқ асқа бола кет­пен арқалап, азапқа түскенше, осында жатқаным артық», – депті.

Періште өз қызметін тәмәм қыл­ғанын, бірақ нәрестенің ана құрсағынан шықпай жатып алғанын Жаратушыға баян етеді. Сонда Алла-Тағала айтқан екен: «Иә, періштем, өзіңе тап­сырған қыз­метті адал атқардың. Енді пейішке бар да, одан бір уыс дән алып, бір түйірін жаңағы шыққысы келмеген нәрестеге бер. Ол дәннің дәмін татып көреді де, тағы сұрайды. Сол кезде дәнді көрсетсең, жа­рық дүниеге шығуға өзі-ақ әрекет жасайды».

Періште пейішке барып, Алла-Тағала­ның әмірін орындап, бір уыс дән алып келеді. Бір түйірін нәрестенің аузына сала­ды. Ол тағы сұрағанда, дән ұстаған қолын өзіне қарай тартып, соза беріпті. Осылай амалын тауып, нәрес­тені жарық дүниеге шы­ғарған періште уысындағы дәнді құлашы жеткен жерге дейін шашып жіберіпті.

Сол дәндер – адам баласының ризығы еді. Әр пенде сол ризық-дәнді теріп, өмір сүреді екен.

 

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.