ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА СУ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ САЛЫНАДЫ

Түркістан облысының су энергетикасын дамыту мүмкіндігі жоғары. Бұл жайлы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат жиынында баяндалды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Б.Полатбековтың айтуынша, облыс аумағында ірі және шағын су электр станцияларын салу бойынша ҚР гидроэнергетикалық саласын дамытудың 2020-2030 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленген. Осыған сәйкес, 2022-2025 жылдары аралығында Қазығұрт ауданындағы Өгем өзенінде қуаты 165 МВт болатын каскад түріндегі су электр станциясының құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, облыста электр энергетикасын дамыту бағытында да тиісті жұмыстар атқарылуда. Аймақтағы ең ірі электр энергия өндіруші мекемесі «Шардара СЭС» АҚ тарапынан 2017-2020 жылдары орнатылған негізгі кондырғылар, яғни гидрогенераторлар (4 гидрогенератор) толығымен жаңғыртылып, станцияның орнатылған қуаты 100 МВт-тан 126 МВт-қа ұлғайды. Сонымен қатар облыс аумағында жаңартылған энергия көздерін дамыту бағытында жұмыстар атқарылуда. 2014-2021 жылдары аралығында жалпы қуаты 220,1 МВт болатын 20 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 2021 жылы жаңартылатын энергия көздері нысандарынан өндірілген электр энергия көлемі 357,6 млн. кВт сағатты құрады. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 51 пайызға жоғары. 2022 жылға жоспар 401,5 млн. кВт сағатты құрап отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.