ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІ ӘЛЕМНІҢ 18 ЕЛІНЕ ТАНЫСТЫРЫЛУДА
Шымкент қаласының туристік әлеуеті Алматыда өтіп жатқан 20-шы KITF “Туризм және саяхат” атты Қазақстандық Халықаралық көрмеде таныстырылуда.
Аталған көрме — орталық Азиядағы ауқымды шара болып табылады. Биыл көрмеге әлемнің 18 елінен 211 компания қатысып жатыр. Олардың қатарындағы БАӘ, Италия, Испания, Индонезия, Грузия, Үндістан, Таиланд, Түркия, Жапония, Оңтүстік Корея сынды елдер Халықаралық туризм, ішкі туризм, медициналық және сауықтыру туризмі, сондай-ақ, іскерлік туризм бағыттары бойынша туристік өнімдер мен өзекті бағыттардың даму мүмкіндіктерін көрсетуде.
Екі күнге созылатын көрме аясында Шымкент қаласының туризм саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы таныстырылым өтті. Онда Шымкенттің шуақты ауа-райы, дәмді тағамдары мен келушілерге қызмет көрсету бағыттары сөз етілді. “Visit Shymkent” туристік ақпараттық орталығының VR-көзілдірігі мен AR-альбом арқылы қалаға виртуалды саяхат жасалды. Сондай-ақ, “Шымкент шайы” келген қонақтарға таратылып, Шымкент тәттілері ұсынылды.
Одан өзге, Алматы қаласындағы Халықаралық көрмеге қатысушылар арасында “Бақытты қалаға саяхат” байқауының кезекті жеңімпаздары анықталды. 3 жеңімпаз демеушілер есебінен ұшақ, пойыз және автобуспен келу мүмкіндігіне ие болды. Оларға қонақ үй, түскі және кешкі ас, сондай-ақ, қалаға экскурсия тегін жүргізілетін болады. Сонымен қатар, Шымкенттің туризм индустриясына қызыққан азаматтар арасында конкурс өтіп, Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының “Visit Shymkent” туристік ақпараттық орталығы мен турбизнес өкілдер тарапынан қала туралы сауалдарға дұрыс жауап берген азаматтарға сый-сыяпаттар берілді.
Ерлан Тажиев