Ұлттық музейде «Қуатты армия – қуатты Қазақстан» көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай «Қуатты армия – қуатты Қазақстан» атты көшпелі көрменің ашылуы өтті.

 

ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР Ұлттық музейі және ҚР Президентінің Архиві бірлесе ұйымдастырған көрменің мақсаты – еліміздегі Қарулы Күштердің құрылу және даму тарихы туралы тың деректерді насихаттау, Қарулы күштерді дамытудың негізгі бағыттары, сондай-ақ елдің әскери қауіпсіздігін нығайтудағы әскери-саяси басшылықтың рөлін көрсету, әскери қызметтің беделін арттыру және жастарға патриоттық тәрбие беру.

 

Қарулы күштердің 30 жылдығы аясында ең алғаш рет  Ұлттық музейден бастау алған көрмені ашуға арналған салтанатты жиынды Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерел-лейтенант Сұлтан Бүркітбайұлы  Камалетдинов құттықтау сөзбен ашып, еліміздегі қорғаныс саласының маңызы мен міндеті және көрменің мақсатын баяндады.

Сондай-ақ, Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін аянбай еңбек сіңірген қорғаныс саласындағы басшылардың атқарған істеріне тоқталып, бейбіт өмірдің тірегі болған қазақ армиясы мен ұлтымыздың ынтымағына алғыс білдірді.

 

  • «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуымен құттықтаймын. Ең алғашқы көрме Ұлттық музейден бастау алды. Көрме экспозициясында Қарулы Күштеріміздің 30 жылда жеткен жетістіктері ұсынылған. Отыз жылда еліміз аман, іргеміз бүтін болып, қауіпсіздігі шайқалмауы Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі — Сағадат Нұрмағанбетов, Мұхтар Алтынбаев, Абай Тасболатов сынды көптеген генерал ағаларымыздың, қарулы күштердің жоғары жұмыстарының нәтижесінде деп білемін. Көрме жұмысына сәттілік, елімізге мәңгілік жарқын күндер тілеймін»,-деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Жиын барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі архив істері және құжаттама комитетінің төрағасы Қуат Хамитұлы Борашев, ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия  Хусайынқызы Мұстафина, тарих ғылымдарының докторы, профессор, генерал-лейтенант Абай Бөлекпайұлы Тасболатов сөз сөйлеп, Қарулы Күштер жайлы құжаттар мен материалдар туралы әңгімеледі.

Көрменің негізгі экспонаты ҚР Қарулы Күштерін құру және ҚР тұңғыш Қорғаныс министрін тағайындау туралы Жарлыққа қол қою кезіне арналған инсталляция болып табылады.

Көрме аясында М.Б. Греков атындағы әскери суретшілер студиясы суретшілерінің туындылары қойылып, бүгінгі Қазақстан әскерінің әл-ауқаты көрермен назарына ұсынылды.

 

Шара барысында ҚР Президенті Мұрағатының авторлық ұжымы және ҚР Қорғаныс Министрлігі әзірлеген «Қазақстан Республикасының Қарулы күштері. 1991-2001: құжаттар мен материалдар жинағы» кітабының таныстырылымы өтті.

 

Көрменің ашылу салтанатында ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің, Орталық әскери оркестрінің әртістері, «Жас сарбаз» балалар студиясының тәрбиеленушілері, сондай-ақ ҚР ҚМ Құрмет қарауыл ротасы өнер көрсетті.

 

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.