ДАРХАН ЖАЗЫҚБАЕВ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Дархан Жазықбаев Шымкент қаласына келді. Іс-сапар мемлекеттік қызметшілермен кездесуден басталды.

Жиында Агенттік төрағасы мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғыртуға қатысты Президент қойған бірқатар міндеттерге тоқталып, мемлекеттік қызмет көрсету бюрократиялық, формальді принциптерге емес, нақты нәтижеге бағдарлану керектігін айтты.

— Мемлекеттік қызметтерді көрсету уақытылы, сапалы, кедергісіз орындалуы қажет. Мемлекеттік қызмет бюрократияға жол бермейтін, халықтың қажетіне бағдарланған сервистік сипатта ұйымдастырылған кезде қалыптасқан олқылықтар еңсеріліп, мемлекеттік аппараттың жұмысы жаңа деңгейге көтерілері анық. Жасалып жатқан реформалардың барлығы да ел игілігіне бағытталып отыр. Мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғыртудың да басты мақсаты – «Халық үніне құлақ асатын» мемлекеттік аппарат қалыптастыру, – деді Д. Жазықбаев.

Сонымен қатар, Агенттік төрағасы жаңа редакциядағы Әдеп кодексінде көрсетілген ашықтық, әділдік, адалдық, сыпайылық, адал ниеттілік, және клиентке бағдарлану қағидаларына баса назар аударуға шақырды.

Мемлекеттік қызметші мемлекеттік органның өкілі ретінде оның абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге, сыбайлас жемқорлыққа, мүдделер қақтығысына, қоғам тарапынан, сонымен қатар әлеуметтік желілерде сынға ұшырайтын қылықтарға жол бермеуі тиіс екендігін атап өтті.

Бұған қоса, Агенттік төрағасы тұрғындармен тілдесіп, оларды толғандырған жер қатынастары, жер комиссиясы және мемлекеттік қызметшілердің әдебі туралы сауалдарына жауап берді.

Іссапар барысында Дархан Жазықбаев «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға «Бір терезе» қағидасы бойынша ұсынылатын мемлекеттік қызметтің сапасымен, «I-shymkent 109», «Диспетчерлік қызмет» және Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысымен танысты.

«Жастар ресурстық орталығында» өткен еркін форматтағы пікір алмасу кезінде Төраға жастардың толғандырған сұрағына жауап беріп, оларды талапшыл, еңбекқор әрі  адал болуға, үздіксіз білім алуға шақырды.

Кездесу соңында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінде Агенттік күнтәртібіндегі мәселелер талқыланды.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.