ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ ШЫМКЕНТКЕ ІССАПАРМЕН КЕЛДІ
Бүгін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді. Министр алдымен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, қала активі және мәслихат депутаттарымен кездесті.
— Жыл сайын республика жолдарында жол-көлік оқиғаларынан 2 мыңнан астам азамат көз жұмады. Сондықтан министрлік тарапынан жол қозғалысы ережелері мен жол-көлік оқиғаларының санын азайту үшін түрлі қадамдарды жасауда. Қазіргі таңда бұл бағытта жаңа бағдарламалар әзірленуде. Соңғы әзірлеме — «Қорғау» бағдарламасы. Ол жергілікті бюджетті толықтыруға емес, керісінше, жол қауіпсіздігінің алдын алуға бағытталған», — деп атап өтті М. Ахметжанов.
Аталған бағдарлама аяғындағы қосымша патрульдік полицейге жақын маңда 10 минут ішінде екі рет жол ережесін бұзған немесе көлігіне жалған нөмірлер орнатқан, айыппұлдар төлемеген, сақтандыру, техникалық байқаудан өтпеген немесе іздеуде жүрген автокөлік жүргізушісі жайлы хабардар етеді.
Жаңа бағдарлама Шымкентте республика бойынша алғашқы болып жүзеге асырылды. Бір тәулік ішінде патрульдік полиция қосымша арқылы әртүрлі бұзушылықтары бар 70-тен астам автокөлікті тіркеген.
Сондай-ақ, 2022 жылды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған байланысты, Шымкент мектептерінде полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған «SOS» дабыл батырмалары кеңінен енгізілуде. Бұл шаралар ең алдымен мектеп қабырғасындағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолдануда. Кездесу аясында министр аталмыш «SOS» батырмалары енгізілген №137 қалалық мектеп-гимназиясында болып, оның жұмысымен танысты.
Осыдан соң Марат Ахметжанов ҚР Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінде болып, полиция департаментінің жеке құрамымен кездесті. Сонымен бірге, Шымкент полицейлерінің модульдік бекеттерінің жұмысы таныстырылды.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі