Алматы облысында бүтін бір отбасы жұмбақ жағдайда жол апатына ұшырады
Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Үшқоңыр ауылында жұмбақ жағдайда бүтіндей бір отбасы жол апатына ұшырады. Жантүршігерлік жағдай тамыздың бесінен алтысына қараған түні орын алған. 31 жастағы азамат оқиға орынында тіл тартпай кетсе, жеті айлық сәби ауруханада көз жұмған деп хабарлайды stan.kz порталы.
Қаскелең қаласынан тойдан шыққан жас жанұя Үшқоңырға кіре берісте белгісіз себептермен көліктерін тоқтатып, жол бойына шыққан. Ары қарайғы оқиға бәріне беймәлім. Түнгі екі жарым мен үштің арасында 31 жастағы Бақытжанның жаралы денесін “Мерседес” автокөлігі 22 метрге сүйреп әкеткен. Ал жары мен баласының денесін жолдың жиегінен тапқан.
Оған дейін оларды жүк көлігі қағып кетуі мүмкін деген болжам бар. Байқамай басып кеттім деген екінші жүргізуші Бақытжанды соқпадым, ол оған дейін жолда жатқан деп туыстарынан кешірім де сұрапты.
Жедел жәрдем келгенше көз жұмған Бақытжан көп қан жоғалтқан екен. 7 айлық Дәулет ауруханада жан тапсырыпты. Ал комада жатқан Әйгерімнің хәлі мүшкіл. Қаскелеңдегі қалалық ауруханада емдеу шаралары жүргізіліп жатыр. Күйеу баласы мен немересінен бір ақ күнде айырылып қалған Кенжегүл қабір басына күнде келеді. Оның ендігі арманы екі төмпешік болып қалған ең жақын адамдарының өмірін қиған жүргізушіні тауып, заң алдында жауапқа тарту.
Жауабынан сұрағы көп оқиғамен Алматы облысының ІІД айналысуда. Бұл істің мән – жайын әлі де анықтап жатырмыз, кінәлі жауапсыз қалмайды деп отыр.
Сол маңда орналасқан мейрамхананың бейнебақылау камерасына дәл сол кезде жолдан ерсілі-қарсылы өткен 100-ге жуық көлік тіркелген. Алайда көрдім-білдім деген бір адам жоқ.
иманды болсын.