ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА 21 МЫҢ БАС МАЛҒА АРНАЛҒАН БОРДАҚЫЛАУ КЕШЕНІ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Сайрам ауданында өндірістік әлеуетті арттыру мақсатында биыл жалпы құны 7,4 млрд теңгені құрайтын екі жоба іске қосылмақ. Олар: «Зәуре ШҚ» жылыжай жобасы мен «Бексұлтан» ЖШС 21 мың бас малға арналған бордақылау кешені. Бұл туралы брифингте Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков мәлімдеді.
«Ауданның жалпы өнімінің 56% ауыл шаруашылығының үлесінде болып, 110 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Биылғы жылы межені 120 млрд теңгеге жеткізіп, өнімді 9%-ға арттыру көзделуде. Өткен жылы 101 гектарға тамшылатып суару жүйесі енгізілді. Бір алқаптан жылына екі рет өнім алу жобасының негізінде бірінші айналымда 275 гектар жерден 5,4 мың тонна өнім алынды. Ал, екінші айналымда 260 гектар жерден 6 мың тонна өнім алынған болатын»- деді Ұласбек Сәдібекұлы.
Сондай-ақ, аудан аумағында жұмыс істейтін 67 кәсіпорын тарапынан 38,1 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім өткен жылмен салыстырғанда 4,8 млрд теңгеге артқан. Ал, биылғы жылы өнім көлемінің құнын 43 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі