ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ: «ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АПАТТЫҢ АЛДЫН АЛУ КЕРЕК»
Өткен жылы облыс аумағында орналасқан 40 кен орнына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 27 жер қойнауын пайдаланушыдан кемшілік анықталып, Экология департаментіне жолданды. Сайрам ауданы бойынша 4 жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкердің келісімшарттары мерзімінен бұрын тоқтатылған.
Сондай-ақ Түркістан облысы аумағындағы карьерлерді пайдалану кезінде су қорғау белдеуіне орналасқан және келісімшарттық міндеттемелерін толық орындамағаны үшін 17 келісімшарт және 1 лицензияның күші мерзімінен бұрын тоқтатылды. Олар Сайрам, Сарыағаш, Ордабасы, Арыс, Сауран, Төлеби, Созақта және Бәйдібек аудандарында орналасқан. Сонымен бірге 5 келісімшарт уақытша тоқтатылып отыр.
Бұл мәселе облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында кеңінен талқыланды. Өңір басшысы карьерлерді заңсыз пайдаланып, табиғатқа орасан зор шығын келтіріп жатқандарға қадағалауды күшейтіп, заң аясында тоқтау салу керектігін шегелеп айтты. 2000-шы жылдары карьерлерді ұзақ жыл пайдалануға алғандар бар. Бүгінде сол азаматтардың кейбір заңға қайшы әрекеттеріне тосқауыл қоюға кедергі келтіретіндер көп. Соған қарамастан Өмірзақ Шөкеев арнайы комиссия мен құқық қорғау органдарына ірі қалаларға іргелес жатқан өзендер мен аумақтардағы заңсыз құм, тас қазушылардың заңсыз әрекетін шұғыл тоқтатуды тапсырды.
– Заңсыз жер қойнауына қарсы күрес қолға алынған. Бірақ нәтиже нашар. Табиғатқа, экологияға қарсы әрекетті ең үлкен қылмыс деп есептеймін. Ақсу өзенінен халық тығыз орналасқан қалалар сумен қамтылып отыр. Ал оны қазып жатыр. Өзендерді қазуды тоқтату керек. Біз кәсіпкерлікке қарсы емеспіз, біз қоршаған ортаны бүлдіріп, экологияға зиянын тигізіп жатқандарға қарсымыз. Заңсыз карьер қолданушылар анықталған барлық аудан, қала әкімдері осы бағытта қадағалауды күшейтсін. Бүгін экологиялық апаттың алдын алмасақ, ертең кеш болады. Бұлақтар тартылып жатыр. Бұл – үлкен экологиялық мәселе. Мен арнайы комиссияның жұмысын күшейтіп, құқық қорғау органдарымен бірлесе тұрақты жұмыс атқаруды тапсырамын. Прокуратура, полиция және өзге де сала өкілдерімен бірлесіп, осы түйткілді шешу керек, заң аясында барлық іс-әрекетті жасаңыздар. Өзендер мен аумақтарға мониторинг күшейтілсін, заңға сай шара қолданылсын, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Өңір басшысының тапсырмасымен осы бағытта жұмыс жанданған. Облыстық инвестиция және экспорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қ.Шонбасовтың айтуынша, биыл 26 сәуірде Сайрам ауданындағы жолдарға облыстық көліктік бақылау инспекциясы тарапынан блокпост қойылды. Ол 24 сағат кезекшілік атқаруда. Одан бөлек, облыстық көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп таразы қойылмаған кен орындарына таразы орнату бойынша жұмыс атқарып жатыр.
Жыл басынан бері заңсыз жер қойнауын пайдалану бойынша 28 дерек тіркелген. 26 бірлік техника, жүк көліктері заңды шешім қабылданғанша уақытша айыптұрақтарға жабылды.
Түркістан облысы ПД бастығы, полиция генерал-майоры М.Қабденовтің айтуынша, жер қойнауына қатысты құқықбұзушылықтар негізінен Сайрам ауданындағы Ақсу өзені бойында, Ордабасы ауданындағы Бадам, Арыс өзендері бойында, Қазығұрт, Сарыағаш, Келес аудандарындағы Келес өзені бойынан және Кентау қаласы, Сауран, Отырар аудандары аумағында жиі кездеседі. Бұл түйткілге полиция тарапынан да қадағалау күшейтілмек.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі