ШЫМКЕНТ: ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІ РЕФЕРЕНДУМДЫ ҚОЛДАЙДЫ

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Азаматтық қоғам және мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Жиынды «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Бектаева Жанар Әлібекқызы ашып, жүргізіп отырды.

Кеңес отырысында бүгінгі таңда қоғамда кеңінен талқыланып отырған үлкен саяси оқиға – Президентіміздің Референдум өткізу туралы бастамасы талқыланды.

— «Қазақстандықтар тарихи таңдаудың қарсаңында Ел алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, референдум өткізу — саяси дамудың келесі кезеңі екенін түсіну қажет. Бұл — уақыт талабы. Конституцияны бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту халықтың еркін білдіруінің айқын көрінісі болады. Соңғы Жолдауда Президент тың саяси реформаларды жариялап, билік институттары арасындағы конституциялық құрылымды жетілдіруге мүдделі екенін танытқаны баршамызға аян. Ал ауқымды реформаларды заңмен бекіту үшін бізге референдум аса қажет», — деді Ж.Бектаева.

Жиын барысында «Шымкент қаласының Азаматтық альянсы» Президенті Ж.Білісбеков, М.Әуезов атындағы ОҚУ оқытушысы, ф.ғ.к., доцент С.Мәжімбеков, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиал доценты, С.Рысбаева және айтыскер-ақын, «Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің директоры Б.Байтуов сөз алып, еліміздегі маңызды оқиға жайлы пікір білдірді.

Зиялы қауым өкілдері алдағы ақпараттық-насихаттық жұмыстарда белсенділік танытатындарын алға тартып, Мемлекет Басшысының бастамаларын бірауыздан қолдады.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.