Ө.ШӨКЕЕВ: «БӘРІМІЗДІҢ МАҚСАТЫМЫЗ – ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНІҢ ДАМУЫНА ҮЛЕС ҚОСУ»
2022 жылғы 6 мамырда Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он бесінші сессиясы өтіп, сессия жұмысында 22 мәселе қаралды. Жетінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті он бесінші сессиясының жұмысына облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев, облыс әкімдігінің мүшелері, қала, аудан әкімдері мен мәслихат хатшылары, облыстың мемлекеттік органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар төрағалары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессия жұмысын облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев жүргізді.
Жиында Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының басқармаға жүктелген міндеттер мен функциялардың атқарылуы жөніндегі есебі талқыланды. Бюджет және облыс әкімдігінің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту жөнінде облыстық экономика және стратегиялық даму басқармасының басшысы Қ.Қайыпбек баяндама жасады. Сондай-ақ кадрлық өзгерістерге байланысты Түркістан облысы әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялар мен кеңестердің құрамына өзгерістер енгізілді.
Сессия жұмысында мәслихат депутаттары 22 мәселені қарап, тиісті шешімдер қабылдады.
Өз кезегінде облыс әкімі Ө.Шөкеев сессия жұмысын қорытындылай отырып, облыста қолға алынған игілікті бастамалар мен атқарылған жұмыстар жөнінде айтып өтті.
– Ауызбіршілікпен және ынтымақпен күн тәртібіндегі мәселенің бәрі қаралды. Бәріміздің мақсатымыз – Түркістан өңірінің дамуына үлес қосу, елге қызмет ету. Ең басты мәселе бюджетті нақтылау болатын. Бұл арнайы комиссиялар талқылауынан өтіп, әбден сарапталған. Аудан, қалаларды аралау барысында тұрғындар тарапынан мектеп, емхана салу, жол жөндеу, электрмен қамту жөнінде өтініштер түсті. Осыларды бюджетке толықтырып, енгіздік. Түркістан қаласындағы әлеуметтік және спорттық нысандарды салу жұмысы да жалғасуы тиіс. Бұл ретте біздің жобаларымыз Парламенттен де қолдау тауып отыр. Маңызды шешімдерді қабылдауға үлес қосқан барша азаматқа алғысымды айтамын. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы тарапынан рефрендум өткізу ұсынысы беріліп, ол қолдау тауып отыр. Түркістан өңірінде референдумды жоғары деңгейде өткізуге депутаттар да атсалысуы тиіс. Баршаңызды Отан қорғаушылар және Жеңіс күні мерекелерімен құттықтаймын. Істеріңізге табыс тілеймін, – деді Ө.Шөкеев.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі