ТҮРКІСТАН: КВАЗИМЕМЛЕКЕТТІК СЕКТОРЛАРДА ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙЕДІ
Бүгін Түркістан облысының әкімдігі мен «Түркістан – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен облысқа қарасты квазимемлекеттік сектор ұйымдарында тағайындалған комплаенс офицерлерге Үкіметтің №358 қаулысымен бекітілген «Үлгілі базалық бағыт-4» жобасының «Квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу» бағыты бойынша әдістемелік оқыту семинары өтті.
Оқыту жиынына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті Превенция басқармасының басшысы Е.Жүнісов, «Түркістан – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері мен облыс аумағындағы жалпы саны 43 квазимемлекеттік сектор субъектілерінде адалдық стандарттарын қамтамасыз етуге жауапты 43 комплаенс офицер қатысты.
Семинарда Түркістан облысы әкімі аппараты мемлекеттік құқықтық бөлімінің бас инспекторы Бауыржан Досжанов «Үлгілі жобалық бағыт-4» жобасының негізгі бағыттары мен жобаның Түркістан облысында жүзеге асырылу барысына тоқталса, Білім беру бағдарламаларын іске асыру және ілгерілету кабинетінің меңгерушісі Алия Ахметова «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс ISO 37001 халықаралық стандарты» тақырыбы аясында ақпарат берді.
Сондай-ақ, «Түркістан – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Нұржахан Абуова комплаенс офицерлерді сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілетін ішкі талдаудың қағидасымен жіті таныстырып, оларға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету, қағидалардың сақталуын талдау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, мүдделер қақтығысын болдырмау, ұйым қызметінің жемқорлыққа қарсы стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз ету міндеттерін түсіндірді.
«Сіздерге жауапты қызмет жүктеліп отыр. Әрбір квазимемлекеттік сектор ұйымдарында тағайындалған жауапты комплаенс мамандар бұдан былай өз мекеме ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстарын жүргізіп, тәуекелдердің алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар атқаратын болады. Ішкі талдау жұмыстары бекітілген қағиданың негізінде сапалы әрі жан-жақты жүргізілуі тиіс», — деп қорытындылады Ержан Жүнісов.
Айта кету қажет, бұдан былай Түркістан облысына қарасты квазимемлекеттік сектор субъектілерінде тағайындалған комплаенс офицерлер өз мекемелерінде бармақ басты, көз қысты әрекеттердің алдын алу және оның туындауына тосқауыл қою бойынша жүйелі жұмыстар атқаратын болады.