ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДЫҢ ҚАУЫНДАРЫ РЕСЕЙГЕ НАРЫҒЫНА ЖОЛ ТАРТТЫ

Түркістан облысы, Жетісай ауданының шаруалары биыл 78 мың гектар суармалы жердің 49,5 мың гектарына мақта шитін сепсе, 17 мың гектар жерге бақша, 3,5 мың жерге дәндік жүгері, 2,3 мың га жерге көкөністер мен тағы басқа дақылдарды еккен. Бақша дақылдарының алғашқы өнімдері –қауын-қарбыз пісіп, ішкі нарықпен қатар Ресейге де экспортталып жатыр.
Жетісай ауданының тұрғыны Қобыланды Түймешев 30 жылға жуық уақыттан бері диқаншылықпен айналысып келеді. Жаңа ауыл ауылдық округіндегі 150 гектар жеріне түрлі дақылдарды егіп, «Әділет» шаруа қожалығын ашқан. Жылдағы әдеті бойынша биыл да өнімін өзгелерден ерте нарыққа шығарып отыр. Ол 100 гектарға қауынның «Дакар», «Аэропорт», «Бакинка», «Эфиопка» сынды сұрыптарын егіп, оның 20 гектарынан өнім жинауды бастады. Ақпанның соңында отырғызылған көшеттер жоспардағы 65 күнде емес, ауа-райының жауын-шашынды болуы салдарынан 90 күнде дайын болып отыр. Енді сұранысқа сәйкес Ресейдің Мәскеу, Самара қалаларына экспортталып жатыр. Баға да жаман емес, 800 теңгеден жоғары.
– Биыл қауынымыз жылдағыдан сәл кештеу пісті. Сұраныс та жақсы. Ағын судан қиыншылықтар болғанымен, тапшылық сезілмеді. Алғашқы өнімдерімізді Ресейге экспорттап жатырмыз. Өнімді ешқандай делдалсыз, егістік басынан өзіміз көліктерге тиеп, жөнелтудеміз, – дейді «Әділет» шаруа қожалығының төрағасы Қобыланды Түймешев.
Жаңа ауыл ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Бахтияровтың мәліметіне сүйенсек, 7 мың гектардан астам суармалы жері бар округте бүгінде 5 мыңнан астам гектарға мақта шиті егіліп, 45,5 гектарға көкөніс, 1163 гектарға бақша дақылдары орналастырылған. Оның ішінде пленка астына егілген қауынның көлемі 978 гектарды, ашық топыраққа егілген қауын 225 гектарды құрап отыр. Ал 220 гектарға қарбыз егілген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.