БІЗ БОЛАШАҚТЫ ТАҢДАП ЖАТЫРМЫЗ
Бүгін Қазақстанның жаңару, жаңғыруы үшін шешуші күн. Осы уақытқа дейін қаншама рет сайлауға барып дауыс берсем де, бүгінгідей толқыған емеспін. Толқу бар десем де сенім басым. Таңдауға түскен мәселенің маңызы тек менің емес, Елімнің, Отбасымның, Немерелерімнің болашағын айқындайтын болғандықтан деп ойладым.
Конституциялық референдум тұтас мемлекеттің, бүкіл ұлтымыздың болашағына әсер ететін, жарқын келешектің іргетасын қалайтын жалпыұлттық таңдау. Таңдауды жасау қоғамда күрмеуі шешілмей жатқан күрделі мәселелер көбейгендіктен туындап отыр. Сондықтан да Президент ертедегідей сөз емес іске көшіп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын алға қоя отырып, осындай маңызды шешім қабылдады деп есептеймін.
Ертеңгі күнімізді айқындайтын өте маңызды мәселені өзара отырып шеше салмастан, жалпыхалықтық референдум арқылы, тікелей халықтың қолдауымен, қоғаммен санасу арқылы жүзеге асырып жатқаны – биліктің көзі халықпен санасу деп бағалаймын.
Қаратау ауданының тұрғындары осы жағдайды дұрыс түсініп отыр. Дауыс беру белсенділігі де жоғары деп айтуға болады. Сағат 12 00-дегі біздің мәліметіміз бойынша 168 мыңнан асатын дауыс берушінің 75 мыңдайы өз таңдауын жасады. Бұл қуантарлық жағдай.
Иманқұлов Әбдез Рахманұлы, AMANAT партиясы Қаратау аудандық филиалының Атқарушы хатшысы