ХАЛЫҚТЫҢ БАСЫМ БӨЛІГІ ӨЗГЕРІСТІ ҚАЛАЙДЫ
Күні кеше ел тарихындағы елеулі оқиға бүкілхалықтық референдум өтті. Республика Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бойынша референдум өткізу өте маңызды қадам болды деп есептеймін. Өйткені қоғам арасында күрмеуі шешілмей жатқан күрделі мәселелер көбейіп кеткен еді.
Мемлекет басшысының референдум өткізу жайлы жарлығы шыққан күннен бастап, «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы жанынан үгіт-насихат штабы құрылып, өз жұмысын қарқынды жүргізді.
Қалалық штаб мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің, Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары қала тұрғындарына референдумға енгізілетін Конституциялық түзетулер жобасы азаматтардың соңғы жылдардағы сұранысына негізделіп, бүкіл қоғамның мүддесі үшін жүзеге асырылғалы отырған, Президент Жолдауында айтылған саяси реформалар бағдарламасын жүзеге асыру үшін қолға алынған маңызды іс-шара екені жайлы аудандағы барлық елдімекендерде болып, тұрғындарға кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізгеніне көпшілігіңіз куә болдыңыздар.
Нәтижесінде қаламыздағы сайлаушылардың басым көпшілігі, яғни бүкіл ұлтымыздың болашағына әсер ететін, жарқын келешектің іргетасын қалайтын саяси реформалардың іске асуына сенім артқан 70%-дан астам азамат конституциялық референдумға белсене қатысып, өз таңдауларын жасады.
Нұрсұлтан Балабиев
Мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі