ANTIKOR. NEWS: 5 айда 65 ҚЫЛМЫС ТІРКЕЛГЕН
Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаевтың қатысуымен брифинг өтті.
Ж.Жұмабаев Департаменттің ағымдағы жылдың 5 айындағы қызметі туралы хабарлады.
«Аталған кезеңде Департаментпен 65 қылмыс тіркелген. Тіркелген қылмыстардың басым бөлігін парақорлық және жымқыру фактілері құрайды» — деп хабарлады спикер.
Оның айтуынша, салалар бойынша анықталған қылмыстардың ең көп саны денсаулық сақтау саласында – 24 және құқық қорғау блогында – 24 тіркелген.
«Бүгінде әрбір қылмыстық іс бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдарға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудың себептері мен алғышарттарын жою туралы ұсынулар енгізіліп, ұжымдарда қаралуда. Қылмыстық істерді тергеу шеңберінде мемлекеттік органдарға 9 ұсыну енгізіліп, бүгінгі күнге оның 7-і қаралды. Тәртіптік жауапкершілікке 8 лауазымды тұлға тартылды» — деді Ж.Жұмабаев.