КЕРЕҒАР АҒЫМДАРДЫҢ ҚОҒАМҒА ЗИЯНЫ КӨП
Дін – қоғамның ең қажетті саласы. Дінді күнделікті өмірден бөліп қарау мүмкін емес. Себебі дін – имандылықтың кепілі. Сол себепті егеменді ел болып қалыптасуымызда өсіп-өркендеуінде діннің алатын орны ерекше. Бүгінде қоғамдық-саяси өміріміздегі діннің асыл рөлі артып келеді.
Діндар мен діни бірлестіктердің саны үнемі өсу үстінде. Бүгінде қазақ жерінде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Еліміз конфессияаралық және конфессияаралық әртүрлілік бар әлемдегі санаулы елдердің бірі. Еліміздің дінаралық келісім мен үнқатысудағы құнды тәжірибесі әлем назарын өзіне аударып отыр. Олардың барлығын ортақ мүдделер мен келісімді нығайта түсетін мақсаттар біріктіреді. Дегенмен де, ел ішінде біздің өмірімізді сынап, қоғамды, оның ішінде жастарды адастыруға тырысатын кереғар діни ағымдар бар екенін айта кеткен жөн. Қазіргі таңда қоғамымыздың ең үлкен мәселелерінің бірі – теріс діни ағымдардың көбеюі болып отыр. Бұл теріс діни ағымдар қоғам бірлігіне нұқсан келтіріп, азаматтарымызға, әсіресе, жастарымызға ерекше әсер етіп, теріс жолға түсіруде. Түрлі келеңсіз көзқарастардың салдарынан көптеген отбасылардың ажырасуы отбасы институтына кері әсерін тигізіп, еліміздің бейбіт өміріне қауіп төндіреді. Олар дінімізді бұрмалап, түрлі зиянды жаңалықтар әкеліп, қазақты қазақ ететін дінімізден, мәдениетімізден, ділімізден, тілімізден, салт-дәстүрімізден айырып, халық арасында араздық пен өшпенділік тудырып, бірлік пен ынтымақтан бездіргісі келеді. Кереғар діни ұйымдар мақсатына жету үшін топтар және жаңа мүшелерді қосу үшін өздерінің шынайы мақсатын жасыруға мәжбүр. Сол себепті де бір-біріне қарама-қайшы өздерінің идеологиясын таратуда түрлі бұрмаланған діни әрекеттерді қолдану арқылы өздерінің дұрыс жолда екендіктерін көрсеткісі келеді. Радикалды діни ұйымдардың әрекеттері мен көзқарастары дәстүрлі әлемдік діндердің ұстанымдарына қайшы келеді. Кереғар діни ағымдардың әрекеттері – дінге, діни қауымға, жалпы адамзатқа қарсы қылмыс деп бағалауға болады десек артық айтпаған болармыз. Дәстүрлі дініміз бейбітшілік пен имандылықты тәрбиеледі және адамдарға зиян келтіруге, өлтіруге жол бермейді.
Адамзат баласының дұрыс жолдан шығып кетуінің себебтері – дәстүрлі дінді, мәдениетті, тарихты, салт-дәстүрді білмеуі. Осы кереғар діни ағымдардың идеологиясын алдың алу үшін жастарымыз қазақ халқының ұлттық санасын бойына сіңіруі қажет. Дәстүрлі дініміздің рухани құндылықтары – ұлтымыздың болашағын айқындайтын маңызды фактор. Қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен руханияты, өмірлік ұстанымдары мен салт-дәстүрлері, ой-пікірлері мен көзқарастары, дүниетанымы дәстүрлі дініміздегі құндылықтарымен байланысты. Қорыта айтқанда, болашақта еліміз кемел болсын десек, материалдық тұрғыға мән бергеніміздей, рухани құндылық пен ұлт қуатын ұмытпай көңіл бөлуіміз керек. Бүгінде елімізде «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы жүзеге асырылып, Шымкент қаласы аумағында да жастарды жат ағымдардан сақтау мақсатында жыл басынан бері діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып, тағылымды шаралар ұйымдастырылып-ақ жатыр. Алдағы күнде де бұл жұмыстың желісі үзілмей, өз жалғасын таба беретіні анық.
Бұл ортақ іске біздің Шымкент қалалық дін істері басқармасына қарасты “Дін мәселелерін зерттеу орталығының” теолог мамандары да сүбелі үлес қосып отыр. Өйткені мегаполис жастарына асыл дініміз туралы дұрыс ақпараттар беру, қала жастарын жат ағымдар ықпалынан қорғау – басты борышымыз. Сол себепті де кейінгі толқынға жат ағымның жарға жығатынын жете ұғындырып, оларды жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіре алсақ, олар ешқашан да адасқан ағымдардың жетегінде кетпейтін болады. Олай болса, үшінші мегаполисте теріс ағымдарға тосқауыл қою үдерісі еш тоқтамай, өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу үдерісі жалғаса бергені абзал.
Ерболат Айнабек,
Шымкент қаласы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің маманы.