ТАТУЛЫҚ ПЕН ДОСТЫҚ – ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПІЛІ
Тәуелсіз ел атанғаннан кейін көпшілік біздің елімізде ұлтаралық қақтығыстар туындап, құлдырауға ұшырайды деген болжамдар жасаған болатын. Алайда Елбасы ұлтаралық келісімнің ерекше моделін іске асырып, әлемдік елдерге үлгі болды. 1995 жылғы 1 наурызда Тұңғыш Президентіміздің Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді.
Қазіргі таңда этносаралық және конфессияаралық татулық пен ынтымақтастықты сақтау саяси тұрақтылығымыздың кепілі екенін ұмытпаған жөн. Бұл бағытта Шымкент қаласындағы жағдайға тоқталып өтсем, қаламыз көп конфессиялық, көпэтносты болып табылады.
Қала аумағында 11 конфессияны білдіретін 118 тіркелген діни бірлестіктер жұмыс істейді. Олар: 87 – исламдық; 6 – православие; 1 – католик; 7 – елуіншілер; 5 – пресвитериандық; 5 – христиан баптистер; 3 – Ехоба куәгерлері; 1 – Жаңа апостолдық шіркеу; 1 – еврей; 1 – бахаи; 1 – адвентистер.
Исламдық емес бағыттағы діни бірлестіктерде Ресей, Корея, Өзбекстан, Аргентина, Италия, Украина, Германия Республикаларынан келген 11 азамат шіркеу аумағында миссионерлік қызметпен айналысуда.
Аталған жоспар аясында Шымкент қаласының Дін істері басқармасы тарапынан өткен жылы дін мәселелері бойынша мақсатты топтар арасында 800-ге жуық ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары жүргізілген. Бұл ағымдағы жылға жоспарланған іс-шарадан 4,8 есе жоғары орындалып отыр. Сонымен қатар, Мемлекеттік саясаттың зайырлықты ілгерілету, дін саласындағы ұлттық-патриоттық тәрбиені арттыру бойынша интернет-кеңістікте қарсы насихат жұмыстары ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдарында 234 мақала, әлеуметтік желілерде 708 жаңалық және 500 бейнеролик орналастырылған.
Қала аумағындағы діни бірлестіктердегі және миссионерлік қызметпен айналысатын азаматтардың жүргізіліп отырған уағыздарына басқармаға қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог мамандары тұрақты түрде мониторинг жұмыстарын жүргізіп отырады. Бүгінге дейін діни бірлестіктер тарапынан діни қызмет саласындағы заңнамаларды бұзу фактілері тіркелмеген. Ал, ақпараттық-насихаттық жұмыстар саласында дін істері басқармасы тарапынан ҚР АҚДМ тарапынан әзірленген діни саладағы ақпараттық-түсіндіру және оңалту жұмыстарына арналған «Жаңа тәсілдер» әдістемесінде көрсетілген тақырыптық бағыттар негізінде жұмыстар жүргізілуде. Яғни, биылғы жылы қала аумағында «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оған қоса өңірлік БАҚ-та да арнайы айдарлармен жастар арасында кереғар діни ағымдар ықпалының алдын алу мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Былайша айтқанда, Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама да үшінші мегаполисте жоспарға сай жүзеге асуда. Сондықтан, қайырымды қаланың барша азаматтары Елбасы мен Мемлекет басшысының этносаралық және конфессияаралық татулықта ұстанып отырған бағытына өз сүбелі үлесін қосуы тиіс.
Ербол Байқонысов,
саяси ғылымдарының магистрі, PhD докторант.