Әскери ортада қылмысқа орын жоқ
Шымкент гарнизоны әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері құрамасында әскери полиция өкілдерінің басшылығымен «Әскери ортада қылмысқа орын жоқ» тақырыбында жеке құрамға жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Шараның мақсаты – елімізді қорғау саласына өз үлестерін қосып жүрген әскери қызметшілер арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтарға жол бермеу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу.
Әскер қатарында қылмыс пен құқықбұзушылықты болдырмау, олардың алдын алу — қазіргі таңдағы басты міндеттердің бірі. Осыған орай, әскери қызметшілерге түсіндіру жұмыстары барысында Қазақстан Республикасы қылмыстық және әкімшілік кодексінің негізгі баптары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының тәртіптік жарғысының талаптары жан-жақты жеткізілді.
– Осындай іс-шаралар арқылы заң бұзушылықтың алдын алып, қылмыс пен құқық бұзушылықтарға жол бермеуіміз керек. Қылмыс пен құқық бұзушылық тәуекелдерін азайту және азаматтардың Қарулы күштерге деген сенімін арттыру бағытындағы жүргізіліп жатқан шараларға көп көңіл бөлуіміз абзал, – дейді әскери полиция бөлімі бастығының орынбасары майор Асан Абдурахман.
Шара соңында іс-шараны ұйымдастырушылар әскери тәртіп бөлімнің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ететін басты шарттардың бірі екенін, әскери тәртіп — әрбір әскери қызметшінің өз әскери борышын және өз Отаны – Қазақстан Республикасын қорғауға деген жеке жауапкершілігін сезінуіне, өз халқына шексіз адалдығына негізделетінін ерекше атап өтті.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі