БІЛІМДІ ҰЛТ ҚАЛЫПТАСТЫРУ МЕКТЕПТЕН БАСТАЛАДЫ
Елдің болашағы білімді ұрпақтың қолында екені баршаға белгілі. Бүгінгі жасөспірімдердің білім деңгейіне қарап, Қазақстанның келешегін бағамдауға толық негіз бар. Сондықтан болар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен “Білімді ұлт” сапалы білім беру» жобасы жасалған болатын.
Бұл жоба не үшін жасалды? Президентіміз мемлекеттік бағдарламаларды нақты жүзеге асатын ұлттық жобалар форматына ауыстырудың қажеттігін тілге тиек етті. Нәтижесінде сол кездегі Білім және ғылым министрлігі «Білімді ұлт» сапалы білім беру» жобасын жасап шықты. Аталған жоба қолға алынғалы көптеген игі істер атқарылуда. Жоба бойынша жұмыстар жүргізіле берсе, білім саласындағы қордаланған мәселенің барлығы толық шешілетіні айқын. Себебі, жоба тек түйткілді проблемаларды тарқату үшін жұмыс істейді. Өйткені, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» жобасы 5 міндеттен тұрады.
Мәселен, жобада «Үшінші міндет – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. Бұл бағыттың ең басты ерекшелігі – үш маусымды мектептерді жою болып табылады, яғни мектептерде орын тапшылығы деген түсінік болмауы тиіс. Бұл өз кезегінде білім беру сапасын арттырады. Осы міндет аясында 2025 жылға дейін бүкіл Қазақстанда 1000 мектеп салынбақ.
Шымкент қаласында да аталған жобадағы міндеттерді орындау қарқынды жүзеге асуда.
Атап айтсақ, Шымқалада сапалы білім беру үшін жағдай жасау мақсатында 5 жылға арналған кешенді жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін 86 079 орындық 101 мектеп салу жоспарланған. Биыл 16 мектеп салу жоспарланса, келесі жылы 17 білім ордасын тұрғызу жоспарда бар. Ал 2024 жылы – 26, 2025 жылы 18 мектеп салынады деп күтілуде. 2021 жылы Шымкентте 25 алтын ұя бой көтерген. Оның 4-еуі мемлекеттік, 21-і жекеменшік екенін де айта кеткен жөн.
Нәтижесінде, жаңа оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеді. Бүгінгі таңда жалпы 34 мектептің құрылыс жүргізілуде. Оның ішінде, 10 нысанның құрылысы 2021 жылдан бері өтпелі, ал 24 нысанның құрылысы жаңадан басталған. Жыл соңына дейін 12 мың 990 орынға арналған 17 мектепті пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде, үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендейтін болады.
Жалпы үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін 2023 жылы, ал орын тапшылығын 2025 жылға дейін толығымен шешу жоспарланған. Міне, мұның барлығы «Білімді ұлт» сапалы білім беру» жобасындағы міндетті толық орындау мақсатында жүзеге асып жатыр. Жоба аясында қолға алынған тірліктің өзі Шымкент қаласындағы білім сапасының көтерілгенін көрсетті. Себебі, шымкенттік оқушылардың арасында білімге қатысты түрлі шаралар мен жарыстарда өздерін биіктен көрсетіп жатқандары баршылық.
Білім сапасын арттыру тек мектеп сапасын арттыруға ғана қарап қалған жоқ. Бұл арада күрделі жөндеу жұмыстарының да рөлі маңызды. Мысалы, 23 мекемеге күрделі жөндеу қажет болған еді. Үстіміздегі жылы, 5, келесі жылы – 9, 2024 жылы қайтадан – 5, ал, 2025 жылы 4 мекемені күрделі жөндеуден өткізу жоспарға енгізілген. Былтыр 1 мектеп, 2 балабақша, 1 колледжге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2022 жылы 5 білім беру ұйымына жөндеу жұмыстары жасалған. Атап айтсақ, №11 мектеп, №50 білім ордасы, №107 мектебі бар. Ал №3 балалар үйі мен бір арнайы мектеп-интернатына күрделі жөндеу жүргізуге 2 372 837,0 мың тг. қаржы қаралды. Сондықтан бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Одан бөлек, күрделі жөндеу жұмыстары үшін 18мекемеге ЖСҚ әзірленуде. Олар №7, №10, №13, №6, № 41, №46, №75, №80, №93, № 99, №108, №109, №2 мен арнайы мектеп-интернат және №1 Есту қабілеті бұзылған Сайрам көмекші мектеп-интернаттары. Алдағы уақытта күрделі жөндеу үшін М.Өтебаев атындағы және Ә.Қастеев атындағы колледждер мен №43, №71, №98 білім ордаларының жобалық сметалық құжаты дайындалып жатқанын айта кеткен жөн. Күрделі жөндеуден өткен ғимараттардың өзі ұрпақтың сапалы білім алуына зор көмегін тигізері анық. Әйтпесе, алқам-салқам, терезелері дұрыс жабылмайтын, қыста іші азынап тұратын мектептерде оқушылар қалай сапалы білім алады? Десек те, Шымкентте білім беру мекемелерін соншалықты төмен деңгейге жібермейді. Президент тапсырмасымен дүниеге келген жоба аясында барлығын реттеді. Алдағы уақытта да сапалы білім үшін атқаруы тиіс жұмыстар өз жалғасын табады.
Қала берді, 2021 жылы 28 мектептің ауласына типтік үлгідегі спорт алаңшалары орнатылды.
2022 жылы №33, №53, №94, №135, №136 жоғары орта мектептерге және бір спорт алаңша орнатуға 249 118,1 мың тг. қаржы қаралды. Бүгінгі таңда орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар да «Білімді ұлт» сапалы білім беру» жобасының жүзеге асуына үлкен үлес қосады.
Осы «Білімді ұлт» сапалы білім беру» жобасы аясында білімді сапалы ету Шымкент қаласы білім басқармасы үшін маңызды. Сондықтан да, 2021-2022 оқу жылына 1 160 456,0 мың теңге қаржыға 1, 4, 9, 11-сыныптарға оқулықтар, 26 112 дана 107 түрлі көркем әдебиеттер сатып алынды.
2022-2023 оқу жылына «Оқулықтардың, оқу-әдiстемелiк кешендерінің, құралдарының және басқа да қосымша көркем әдебиеттерді» сатып алу және оны тасымалдауға жергілікті бюджеттен 1 658 613,0 мың теңге қаржы бөлініп отыр. Артта қалған оқу жылында оқулықтарға қаржы бөлініп, қажетті кітаптарды сатып алу өз нәтижесін көрсетті. Оқушылардың арасында әдеби кітапқа бет бұрғандардың қатары артты.
Осы арада биылғы 2021-2022 оқу жылында қаламыздағы 203 мектепте 242 мың 525 оқушы білім алды. Оның ішінде 51 жекеменшік мектепте 25 мың 254 оқушы оқыды. Оның ішінде: 11 сыныпта – 11 189 оқушы, 9 сыныпта – 19 251 оқушы білім алған. 2020-2021 оқу жылы 186 мектеп, 226 679 оқушы оқыған еді. 2020-2021 оқу жылы 11 сыныпта – 9 987 оқушы, 9 сыныпта – 16 267 оқушы оқыған.
Өздеріңіз білесіздер, қорытын-ды аттестаттауға жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талапта-рына сәйкес үлгілік жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген 11 (12) сынып білім алушылары жіберіледі.
9 (10) сынып білім алушыларының қорытынды бітіру емтихандары 2022 жылғы 28 мамыр-6 маусым аралығында төрт пән бойынша болады. Атап айтсақ, ана тілі, математика, қазақ тілі мен әдебиеті (орыс, өзбек) және таңдау пәндері бойынша емтихан өтеді.
Шымкенттегі мектеп оқушылары арасынан 1 мың 321 оқушы «Үздік аттестат»үміткерлері екенін айта кеткен жөн.
11 (12) сыныптың білім алушылары үшін бітіру емтихандары 2022 жылғы 27 мамырдан бастап 10 маусым аралығында бес пән бойынша өтеді. Сынақ математика, ана тілі, Қазақстан тарихы, қазақ тілі және әдебиеті (орыс, өзбек) пәндерінен өтеді.
Өткен жылдарға қарағанда «Қазақстан тарихы» пәні бойынша қорытынды аттестаттау ағымдағы жылдан бастап ауызша емтихан нысанында (билеттер бойынша), қалғандары – жазбаша емтихан нысанында өткізіледі.
“АЛТЫН БЕЛГІ” АТТЕСТАТЫ ЖӘНЕ «АЛТЫН БЕЛГІ» БЕЛГІСІ
Биылғы оқу жылы бастан-аяқ сәтті өткенін айта кеткен жөн. Өздеріңіз білесіздер, 2020-2021 жылы оқу жылында «Ковид» аталып кеткен жұқпалы аурудың кесірінен карантин болғаны белгілі. Сол жылы оқушылардың сабағын үзіп алғаны, көптеген қоғам жанашырылары мен ата-аналарға уайым болғаны мәлім. «Ал енді қалай болады? Бұл оқушылардың білімі қалай болады екен? Бәрібір дәстүрлі оқуға жетпейді» деп көп жандар біраз уайымдап еді, айтып еді. Ал артта қалған оқу жылы балалар ешқандай карантинсіз, үздіксіз тиісті білімдерін алды. Демек, білім сапасы да өткен жылғыға қарағанда жақсы. Шымкент қаласы бойынша ағымдағы жылы 11-сыныпты бітіруші оқушылар саны – 11 мың 189. Оның ішінде «Алтын белгі» белгісіне үміткерлер саны – 452. Былтырғы 2020-2021 оқу жылында 9 мың 987 оқушы мектеп бітіріп, 491 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды.«Үздік аттестаттан» үміткерлер саны – 691 оқушы.
“Алтын белгі” аттестаты және “Алтын белгі” белгісінің берілуі: Үлгілі мінез-құлық танытқан және 5-11 (12) сыныптар аралығында барлық пәндерден жылдық және қорытынды бағалары “5” болған және жалпы орта білімі бойынша қорытынды аттестаттаудан барлық пән бойынша “5” деген бағаға өткен 11 (12) сынып бітіру-шілеріне жалпы орта білім туралы “Алтын белгі” аттестаты және “Алтын белгі” белгісі беріледі.
Ағымдағы жылы жалпы 452 «Алтын белгі» үміткерлерінің ішінде ҰБТ тапсыратындардың саны – 433 оқушы. 20 оқушы шетел жоғары оқу орындарына түсуіне байланысты ҰБТ тапсырудан бас тартқан. Иә, ҰБТ тапсыру-тапсырмау әркімнің өз еркі.
Бұл жағынан ешкім ешкімге ештеңе дей алмайды. Шетелге оқуға түсіп, білімді басқа жақтан іздегендерге де тек қана сәттілік тілейміз. Болашақтары жарқын, келешектері кемел болсын. Қайда жүрсе де тек биіктерден көрініп, Қазақстанның абыройын арттыра берсін.
«Алтын белгі» белгісіне үміткер білім алушылардың жазбаша жұмыстарын (эссе, алгебра және анализ бастамалары бойынша) Білім басқармасының жанынан құрылған арнайы Комиссия үміткерлердің емтихан жұмыстарын тексереді.
Комиссия құрамына жазбаша емтихандар өтетін пәндердің білікті, тәжірибелі мұғалімдері кіреді.
ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУДІҢ ӨТУ БАРЫСЫ
Биылғы 2021-2022 оқу жылында 11-сыныпты 11 мың 189 оқушы аяқтаған болса, оның ішінде 7 мың 621 оқушы – қазақ тілінде тәлім алған. Ал 2 мың 089 оқушы – орыс тілінде, 1 мың 479 оқушы өзбек тілінде біліммен сусындаған. Осылардың арасында 8 мың 200 жуық оқушы ҰБТ тапсыратын болады.
ҰБТ қатысушыларының деректер базасына тіркелуі өз бетінше 2022 жылғы 28 сәуір мен 14 мамыр аралығында жүргізілді. Осы аралықта тестілеуге екі рет өтініш беруге мүмкіндік берілді.
Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігінің 2017 жылғы 2 мамырдағы №204 бұйрығымен бекітілген Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу және «Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырғаны туралы сертификат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет қағидаларына сәйкес Ұлттық бірыңғай тест ағымдағы жылғы 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өткізілетінін де айта кеткен дұрыс.
Мәселен, ұлттық бірыңғай тест төмендегідей өтеді.
1) орта білім беру ұйымдарының ағымдағы жылғы бітірушілеріне;
2) орта білім беру ұйымдарының өткен жылғы бітірушілері мен техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының бітірушілеріне;
3) жоғары білімнің қысқартылған оқыту мерзімдерін көздейтін білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсетін техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының бітірушілеріне;
4) шетелде білім алған орта білім беру ұйымдарының бітірушілері мен шетелде білім алған, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын, ұлты қазақ адамдарға;
5) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) күндізгі оқу бөліміне ақылы негізде қабылдау үшін ҰБТ нәтижесі бойынша шекті балл алмаған, ҰБТ нәтижелері жойылған, бейінді пәндер комбинациясы сәйкес келмейтін ҰБТ нәтижелері бар тұлғаларды күнтізбелік жылы ақылы негізде одан әрі қабылдау үшін өткізіледі.
ҰБТ Шымкент қаласында орналасқан 3 «U-Study» аймақтық тестілеу орталығында өткізілуде. Барлық тестілеу өткізу орталықтары қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ, тест орталықтары жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі, психолог және медицина қызметкерлерімен қамтамасыз етіледі.
Осы арада жазғы мектеп жөнінде де назарларыңызға ұсына кетсек. Бұл жазғы мектепті негізінен оқыту сапасын арттыру, білім алушылардың, оның ішінде үлгерімі төмен білім алушылардың біліміндегі олқылықтарды қалпына келтіру және білімін толықтыру мақсатында білім беру ұйымдарында жазғы мектеп жұмысын ұйымдастырады. Мүмкіндігі болып, жазғы мектепте білім алу балалар үшін өте тиімді. Мұның өзі «Білім ұлт» сапалы білім беру» жобасы аясында атқарылып жатқан игі іс. Себебі, оқуды қайталаудың өзі нағыз білім екенін айтып кеткен данышпандарымыз аз емес. Сондықтан да кей оқушылар білімдерін ұштастыру мақсатында жазғы мектепте қайта оқып жатса, білімдері нығая түспек. Онсыз да кей ата-аналар балалары білімдерін толықтырсын деп ұл-қыздарын жеке шағын курстарға ақылы түрде оқтытатыны жасырын емес. Ол жерде оқытушы, басқа, бала үшін курстағы орта да басқа. Ал өзі оқыған мектепте оқыса, таныс орта, бір-біріне сыры мәлім ұстаз бен оқушы арасында сабақтың ұғынықты болатынын несіне жасырамыз. Сонымен бірге, бұл аралықта оқушылар да аз. Сыныпта тыныштық та біршама басым. Баланың білім алуы үшін, түсінбегенін сұрауы мен мұғалімнің сұрақтарына жауап беру мүмкіндіктері көп. Әрі жазғы мектептегі сабақ дәстүрлі мектептегі сабаққа қарағанда еркіндеу болатынын несіне жасырамыз. Оқушы өзін еркін сезінеді, еркін отырады.
Яғни, бұл «Білімді ұлт» сапалы білім беру» жобасына сай екендігін әрбір ата-ана білгені абзал.
Жазғы мектеп 2022 жылдың 26 мамыр-17 маусым аралығында ұйымдастырылады.
Оған 1-8, 10-сыныптағы білім алушылар, 9-сынып бітірушілері өз қалаулары бойынша қатыса алады.
Жазғы мектеп жұмысына бүгінгі таңда 143 мың 757 оқушы қамту жоспарланған. Жазғы мектепте өз балаларының оқуы үшін көптеген ата-ана ерте бастан өтініш жасап қойған. Сондықтан да бізге жазғы мектепте білім алып жатқан оқушылардың саны белгілі.
ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСЫН ТИІМДІ ӨТКІЗУ
Жазғы демалысты тиімді өткізу бала психологиясы мен оның дамуына өте пайдалы. Жазғы демалысты өзге жақта өткізу баланың басқа ортаны тани білуіне әсер етеді. Өзге адамдармен қалай араласу қажеттігін түсінеді. Өзі көрмеген жаңа дүниелерді көреді, түсінеді, ойланады. Әрі достар арттырады.
Қала берді, балалар жазғы сауықтыру лагерлеріне барса, олар сондағы қызметкерлердің қарауында, қадағалауыда болады. Яғни, қауіпсіз. Ал жазғы демалыста бала үйде немесе туысының үйінде болса, ересек адамдардың күндіз жұмыста болатыны мәлім. Ал қараусыз қалған ойын баласына кез-келген сәтте қауіпті нәрселер жасамасына ешкім кепілдік бере алмайды. Осы себепті, алдағы жылдары балаларыңызды лажы болса жазғы лагерге жіберуге тырысыңыздар. Жазғы сауықтыру, демалыс лагерлерінде балалар көптеген танымдық және көпшілікпен бірге ойнайтын ерекше ойындарды үйренеді. Әрі мұндай ортада бала көпшіл, өзгелермен тез араласқыш болып өседі. Жазғы демалысын осылай өзге жақта өткізген балалар «Білімді ұлтты» қалыптастырады.
Мемлекетіміз жазғы сауықтыру лагерлері үшін жолдама сатып алуға мүмкіндігі жоқ отбасының балаларын да ұмытқан емес. 2022 жылдың жаз айында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында аз қамтылған отбасының балаларына қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагерлеріне тегін жолдама берілуде. Мұның өзі қаншама балалар үшін үлкен қуаныш, бақытты сәттер сыйлап тұр. Мына жарық дүниеде балалардың көтеріңкі көңілінен артық не бар? Бұлар біздің келешек білімді ұлт, ал оларды тынықтыру, сапалы білім алуға жасаған нақты қадамымыз. Яғни, балалардың жазғы демалысы үшін бөлінген қаражат та «Білімді ұлт, сапалы білім беру» жобасын жүзеге асыруға ықпал еткен дүние.
Ағымдағы жылы Шымкентте 186 мың 634 оқушының жазғы демалысын тиімді өткізу шаралары жоспарланған. Бұл қаладағы мектеп оқушыларының 88 пайызын қамтуда.
Балаларды сауықтыру, жетілдіру, дамыту және бос уақытты тиімді өткізу мақсатында қала сыртындағы лагерлерде демалдыру үшін қала бюджетінен 300,0 млн. теңгеге жуық қаржы қаралған. Оның ішінде, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына басымдық берілген.
Аталмыш қаржыға жалпы орта мектептерінен аз қамтылған 7 мың 241 бала, балалар үйінің 147 баласы және дарын мектептерінің 260 баласы қала сыртындағы лагерлерде демалатын болады. Одан бөлек ата-аналар есебінен 27 мың 655 бала демалатын болады.
Аз қамтылған отбасының балаларына жолдама беру Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №158 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік қызметті көрсету қағидаларының талаптарына ХҚО және egov порталы арқылы онлайн форматта қабылдануда.
Бұдан бөлек, 130 мектепте сауықтыру бағытында 151 331 оқушыны түрлі үйірмелер және спорт секцияларымен қамту жоспарланған.
Сонымен қатар, жан басына қаржыландыру жүйесі арқылы мәдениет саласы 12 000, спорт саласы 14 000 баланы жеке кәсіпкерлер арқылы балалардың қызығушылығына қарай үйірмелерге қамтуда. Бұл жаз бойы жалғасын табатын болады.
Одан бөлек, басқармаға қарасты 11 қосымша білім беру ұйымдары және 17 аула клубтарында тегін үйірмелер ашылып, мәдени іс-шаралар өткізілетін болады. Және де «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстың тарихи-мәдени орындарына экскурсиялар өткізу жоспарланған.
Мұның өзі оқушыларға тарихтың терең қойнауларына сапарлап қайтқандай әсер беріп, олардың өткен ғасырлардағы тұрмыс-тіршілік пен ықылым замандардағы оқиғалармен танысуына жол ашады. Әрі мектепте Қазақстан тарихынан оқығанын ары қарай тереңдей танысып, тарихи жәдігерлерді көрген соң өзі толық ұқпаған кей нәрсені терең түсініп, көкірегіне түйеді. Әрі көптеген ересек кісілердің енді көріп жүрген тарихи-мәдени орындарын оқушылар бала кезінен көріп үлгереді. Соған қарап, тарих жөнінде ерте ой жүгіртеді. Тарихқа көз жүгірткен адам ұлт болашағын ойлайды. Тарихта жіберген кемшілікті болашақта қайталамауын қалайды. Осылай ойлана-ойлана келе нағыз ұлтжанды азамат болып қалыптасады. Ал қазіргі қазақ қоғамы үшін ұлтжанды азаматтардың көп болғаны абзал. Сонда ғана АҚШ пен Еуропа күш алып, тарап келе жатқан жаһанданудың «жалпақ табанының астында» қалмаймыз. Түбегейлі өзгеріске ұшырап жатқан әлемде ұлт болып сақталуымызға сеп болады. Ол үшін біз «білімді ұлтқа» айналып, «сапалы білім» бере білейік.
«Білімді ұлт» сапалы білім беру» жобасы аясында сапалы білім беру үшін Шымкент қаласында мектептерді соңғы технологиялармен қамту да тиянақты жүзеге асып келеді. Себебі, әрдайым уақыт ағымынан қалмай соңғы технологияларды пайдалана отыра, балаға білім берудің пайдасы орасан зор. Бұл ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Бүгінде жасөспірімдердің өздері де соңғы технологияларға, оларды тез меңгеріп алуға епті. Ал оқушыларға білімді сіңіруде соңғы технологиялармен қамтамасыз етуге мемлекеттің өзі ынталы. Сол үшін қолдарынан келгеннің барлығын жасауда. Қаражат қажет болса бюджеттен бөлуде, шет мемлекеттерден жеткізу керек болса, оны жүзеге апсыруда, Мектептерге, сыныптарға орнату тиіс болса, ол жағын да ұйымдастыруда. Одан басқа не керек?
Сөзіміз жалаң болмас үшін айта кетейік, 2021 жылы Шымкенттегі мектептерді жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 263 кабинет, 178 интерактивті тақта алынды. Сөйтіп, 50 физика, 95 химия, 82 биология, 13 STEM, 23 робототехника кабинеттері жабдықталды. Нәтижесінде, мектептерле жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтылған пән кабинеттер үлесі 32,2%-дан 68%-ға артып отыр. Бұл деген керемет емес пе? Ал кейбір елдерде әлі күнге бұрынғы бір сыныптың ішінде бір кітаппен ғана білім алу үрдісі әлі жалғасуда.
2022 жылға мектептерді жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 2 556 908 мың теңге қаржы қаралып, жалпы 372 кабинеттерін және 610 дана жабдықталған интерактивті панельдер орнатты. Оның ішінде 12 химия, 26 физика, 10 биология, 10 STEM, 49 АӘД, 121 медиация, 122 логопед, 22 робототехникамен жабдықталды. Нәтижесінде, мектептерде жаңа модифика-цияланған жабдықтармен қамтылған пән кабинеттерінің үлесі 68%-дан 72,0%-ға артты. Демек, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» жобасындағы «заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету» деген жолдары орындалып тұр.
2021 жылы 34 мектепке дизайнерлік жұмыстар жүргізілген болатын. Атап айтсақ, №1, №2, №3, №4, №9, №15, №17, №20, №23, № 26, №30, №31, №34, №35,№ 38, №40, №41, №43, №45, №46, №47, №62, №65, №86, №109, №112, №115, №120, №122, №128, №129, №132, №136, №137 жалпы орта мектептерінде жасалды. Атқарылған жұмыстар үшін қаралған қаржы – 408 805,4 мың теңге.
Білім беру ұйымдарына арнайы талаптарға сәйкестендірілген бейнебақылау жүйелері 100 пайыз орнатылды. 2021 жылы бейнебақылау жүйесін орнатуға 545,9 млн. теңге бөлінген. Жалпы алғанда 2 385 нүктеге орнатылды.
Білім беру ұйымдары ғимараттарының кіреберістері 100% турникетпен қамтылған . Сол үшін 2021 жылы турникет орнатуға 359,4 миллион теңге бюджеттен қарастырылды.
Мектептерде 100% дабыл батырмалары орнатылып, Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған . Яғни дабыл батырмалары үшін 2021 жылы 102,8 миллион теңге бюджеттен бөлінді. Бұл да өз кезегінде оңай қаржы емес.
Сонымен қатар, І дәрежелі мамандандырылған күзетпен 100% келісім-шарт түзілген. Бұл да Президент тапсырмасымен жасалған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» жобасына сай келеді. Өйткені, аталған жобаның үшінші міндетінде “мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету” деп анық жазылған.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласының мектептеріндегі жалпы компьютерлік құрылғылар саны – 56 мың 746 дана. Оларды жіктеп айтсақ, компьютер – 24 мың 029, ноутбук – 28 мың 516, планшет – 4 мың 201 дана.
Шымкент қаласында білім алушыларға онлайн форматында қалыпты жағдайда білім беру мақсатында 2020 жылдың өзінде 47 мың 330 компьютерлік құрылғылар сатып алынған. Жеке-жеке атап өтсек, олардың ішінде компьютер – 18 мың 413, ноутбук – 24 мың 716, планшет – 4 мың 201 дана.
Салыстырмалы түрде айта кеткен абзал, мысалы, өткен
жылы, яғни 2021 жылы қосымша 190 дана компьютер сатып алынды. Сол 190 дана компьютер үшін бюджеттен қаралған қаржы – 39,0 млн. теңге. Бүгінгі таңда қала бойынша мектептерде орта есеппен 1 компьютерге 4 оқушыдан келеді. Сөзді ашып айтсақ, бұған дейін 27 оқушыға 1 компьютерден ғана келетін болған. Демек, үлкен жетістікке жетіп отырмыз. Алдағы жылы компьютерлер үшін тағы да қаражат бөлінетінін ойласақ, онда Шымкенттегі әрбір оқушы мектепте компьютермен толыққанды қамтамасыз етіледі деген сөз. Олай болса, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» жобасының өміршеңдігін, аталған жобаның оқушыға берері мен білімді ұлт қалыптастыру жолында нағыз тиімді жоба болғанын көрсетеді.
Бала – біздің болашағымыз, Отанымыздың тірегі, мемлекетіміздің уығы, ұлтымыздың алтын сабақтастығы. Олар үшін сіз де, біз де ештеңемізді аямай, аянбай еңбек ете берейік.
Е.ТӘЖИЕВ,
“Қазақстан жолы” газеті бас редакторының орынбасары.
С.БАЙБОСЫНОВ,
журналист.