ТЕРІС АҒЫМҒА ТОСҚАУЫЛ ҚОЯЙЫҚ!
Жат ағымға қарсы күрес – жалпыға ортақ міндет. Сондықтан, біздің үшінші мегаполисте, Шымкент қаласында да діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, жастарды жат ағымдардан сақтандыру мақсатында биылғы жылдың өзінде көптеген тағылымды шаралар қолға алынып, ілкімді істер атқарылды. Жастардың діни және құқықтық сауатын көтеру, олардың бойына адамгершілік құндылықтарын сіңіру және теріс идеологияларға қарсы тұра алатын иммунитет қалыптастыру – кезек күттірмейтін мәселе. Бұл тұрғыда дәстүрлі діни мектепті жаңғыртудың маңызы зор. Ұлттық танымды, ұлттық ділді бойына сіңірген ұрпақ ұрдажық қадамға бара қоймайды. «Обал болады» деп, құмырсқа екеш құмырсқаны абайсызда басып кетуден сақтанып жүретін қазақы мінезді бойына дарытып өскен баланың адам баласына қару кезенуі – беймүмкін нәрсе. Ол үшін, әсіресе, мектеп бағдарламасында ұлттық дәстүрді түсіндіру, жыраулар мен ақындардың, ұлт данышпандарының еңбектерін таратып, түсіндіріп оқыту жолға қойылса, ұлттық әдептілік қағидаттары үйретілсе және отбасылық құндылықтар насихатталып отырса, құба-құп болар еді.
Баланың өзге ағымға кетіп қалуына бірінші кезекте ата-аналар жауапты. Жасыратыны жоқ, қазір көптеген жұмысбасты ата-аналар балаларының тәрбиесіне немқұрайлы қарайды. Тіпті, намаз оқи бастаса да, «қалай оқып жүр, қайда барып жүр екен» деп қызығушылық танытып, қадағаламайды. Ал бақылаусыз кеткен баланың дәстүрлі емес діни ағымдағылардың қақпанына түсіп қалу мүмкіндігі өте жоғары. Ал кейбір ата-аналар исламофобия үрдісіне еріп, баласын мешітке жолатпайды. Бұл да – қате қадам. Өйткені, баланың ішкі ізденісі дұрыс жолмен қанағаттандырылмаса, ол басқа жол іздейді. Яғни, ресми мекеме болып табылатын мешіттен білім алмаған бала «интернет ұстаз» тауып алады. Ал ол ұстаздардың «шәкірттерінің» қайда барып жатқаны баршамызға аян…
Қазіргі күні халықаралық терроризм өзінің қатыгездігімен, зұлымдығымен және ауқымдылығымен әлемдік қауіп-қатерге айналғаны белгілі. Түптеп келгенде терроризм идеологтары өз әрекеттері арқылы мәдениеттер мен діндердің арасына ғана емес, сонымен қатар мемлекеттер мен түрлі халықтар арасына да өшпенділік ұрығын егуде. Байыптап қарасақ, бұрындары саяси терроризмнің мақсаты зорлық-зомбылық жасау емес, белгілі бір мәселелерге қатысты қоғамдық пікір қалыптастыру мақсатымен бұқаралық ақпарат құралдарының назарын өзіне аудару болатын. Ал қазіргі дін атын жамылған терроризм зорлық-зомбылықты қасиетті парыз дәрежесіне дейін көтеруді, сол арқылы дінге кір келтіріп, адамдарды хақ жолынан бездіруді көздеп отырғаны байқалады. Террористердің қауіптілігі сонда – қой терісін жамылған қасқыр іспетті, қасиетті Құран аяттарының (өз қажеттері үшін жұлмаланған) үзінділерін тілге тиек етіп, өздерінің көздеген арам пиғылдарын іске асыру үшін діни құндылықтарды бұрмалауда.
Жалпы, экстремизм мен терроризм түрлі идеологиялық және саяси доктриналарды, оның ішінде діннің атын жамылып әрекет ететіндігін ұмытпағанымыз жөн.
Діни тұрақтылық ең маңызды мәселе екенін ұмытпауымыз керек. Жастарға ақылшы болып жүрген дін атын жамылушылар «әке-шешең намаз оқуға рұқсат бермесе, оларды тыңдамауыңа да болады» деп ата-ана мен перзент арасындағы сыйластыққа сызат түсіруде. Нәтижесінде ата-анасынан гөрі ұстазы жақын болып кетіп жатады, ал Ислам діні отабасына, әсіресе оның негізгі екі тірегі – ата-анаға ерекше мән берген. Әуелі Жаратушы алдындағы борыштарымыздан кейін бірден ата-анаға деген міндеттеріміздің келуінде де ерекше мән бар. Қасиетті Құран Кәрімнің «Әнғам» сүресінің 151- аятында: «Сіздерге Раббыңызды нені харам еткенін білдірейін, Оған (Аллаға) еш нәрсені серік қоспаңдар, ата-анаға жақсылық жасаңдар!» деп білдірген.
Өзін тура жолда деп есептейтіндер діншілдіктің белгісі сақал қою, хиджап кию деп санайды. Діннің тонын жамылған әсіредіншілдер мен жат ағымға бойұсынғандардың ұстанымында: Отан, дәстүр, ұлт, тіптен ата-ананы құрметтеу ұғымдары жоқ десем де болады. Дәстүріне, ата-анасына, мемлекетіне қарсы шыққан азаматтың елімізге пайдасынан зияны көп сияқты.
Сондықтан елдің бірлігін сақтау үшін мемлекеттік идеологияға сүйену қажет. Отбасындағы тәрбие ең алдымен отаншылдық, елдікке, бірлік-ынтымаққа тәрбиелейтін мемлекетшіл идеология болу керек. Онымен қоса отбасынан бастап оның егізіндей етіп, рухани-мәдени өзекте діни тәрибені қалыптастыру керек. Мемлекеттің жүргізіп отырған саясатында идеология жоқ деуге болмайды. Бірақ ол идеология өз еліміздің оқшау қалуына емес, ортақ әлемнің озық үлгілеріне де жол ашатын, жаңашыл болғаны жөн.
Аталарымыз айтқандай, «Дін ұстана білсең – қасиетің, ұстана алмасаң – қасіретің!». Дін ғұламалары да «Дін дегеніміз – қылыш сияқты өткір нәрсе, ұстай алмасаң өз қолыңды кесесің» деп ескертіп кеткен. Сондықтан тәрбиелі, жасампаз ұрпақ қалыптастыру мақсатында, қоғамымызды ізгілендіру мақсатында орта жолды ұстанған, өркениетке бастайтын алтын қазығымызды – аталарымыздың дәстүрлі бағыттағы дінін насихаттау – кезек күттірмейтін іс. Өйткені, діни ахуалға бей-жай қарау – болашаққа жауапсыз қараумен бірдей болмақ…
Бүгінгі таңда Шымкент қаласында жат ағымдарға қарсы күресте тың серпін бар екендігі байқалады. Бұл ортақ іске біздің «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» мамандары да айтарлықтай үлес қосып келеді. Биылғы жылдың өзінде біздің мекеменің дінтанушы мамандары Шымкент қаласы аумағындағы түрлі мекемелерде көптеген іс-шаралардың өз деңгейінде өтуіне ұйытқы болды. Мәселен, «Өңірлерде түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» жобасы шеңберінде Шымкент қаласындағы «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ өкілдігінің теолог-консультанты Тайтелиев Файзулла «Исламда жауапкершіліктің маңызы» тақырыбында Шымкент қаласының Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теологтарына арналған семинарда сөз сөйледі.
Ал Шымкент қаласы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің Аутрич және NEET жастармен жұмыс бөлімі ұйымдастыруымен жастардың діни танымдығы арттыру мақсатында кездесу өткізіліп, студенттерге экстремизм, терроризм туралы терең түсінік берілді, оның түрлері, себептері мен зардаптары ұғындырылды, жасөспірімге қоғамның әлеуметтік, құқықтық, діни сипаттары жайында да түсіндіріліп, оларды террорлық, лаңкестік және діни экстремистік бағытта арандатуға жол бермеу және жасөспірімдерге бейбітшіліктің маңызын және мейірімділік пен ізгіліктің, адамдарға жақсылық жасай білудің өмірдегі басты ұстанымы екені де баса айтылды. Бұл кездесуге Шымкент қаласының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Жолдасқызы Аружан және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттері қатысып, кездесу барысында «Кереғар ағымдардың қоғамға зияны» тақырыбы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, студенттер тарапынан сұрақтар қойылып, толыққанды жауап алынды.
Қорыта айтар болсақ, халықтың санасында қуатты егемен ел болу мемлекеттің материалдық байлығына ғана емес, идеологиясына да байланысты. Әрине, елдің қуатты болуы қазынаға да тәуелді, бірақ, халық рухани байлықтан жұрдай, ұлттық санадан алшақ болса, мұның барлығы бекер. Себебі қашанда елдің болашағы, дамуы қазынамен өлшенбеген, ұлттық құндылықтар мен рухани байлыққа негізделген. Сондықтан үшінші мегаполис – Шымкентте де біздің орталық қызметкерлері жат ағымның алдын алу жұмыстарын жалғастыра беретін болады.
Гүлбану Қуандық,
Шымкент қаласы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ бөлім басшысы.