М.ӘЙТЕНОВ ПОЛИЦЕЙЛЕРДІ 30 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Биыл ҚР Полициясына — 30 жыл. Атаулы мерекеде қала әкімі М.Әйтенов шымкенттік полицейлерді құттықтап, Мемлекет басшысының алғыс хаттарын табыстады. Салтанатты шараға қалалық мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов, жергілікті атқарушы мекеме басшылары, ішкі істер органының ардагерлері де қатысты.
Жиылғандар алдымен қызмет бабында ерлікпен қаза болған полицейлерді еске алып, гүл шоқтарын қойды.
Жиында сөз алған қала әкімі Қазақстан полициясы отыз жыл ішінде құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен еліміздің тыныштығын қамтамасыз ететін маңызды құрылым ретінде қалыптасып, дамып келе жатқанын айтты.
— Бүгінде Президент тапсырмасымен Тәуелсіздікті нығайта түсу, әділетті қоғам құру және құқық қорғау жүйесінде елеулі өзгерістер енгізу бойынша көптеген істер атқарылуда. Сіздердің антқа адал болуларыңыздың арқасында қаламызда тұрақтылық пен тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Мемлекет полицейлердің жалақысын көбейту және баспанамен қамтуға баса назар аударып отыр. Қалалық әкімдік материалдық-техникалық базасын нығайтуды қолға алдық. Соңғы 3 жылда полицияға 109 автокөлік, былтыр 3 868 дана бейнебақылау камераласы алынды. Алдағы уақытта қолдау әлі де жалғаса береді. Еліміздің тұрақтылығы мен тыныштығы жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын!- деп тілек білдірді.
50-ге тарта полиция ардагерлері мен тәртіп сақшыларына Президент алғыс хаты мен қала әкімінің алғыс хат, естелік сыйлықтары табысталды.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі