ШЫМКЕНТ: БАС ЖОСПАРДЫ БЕКІТУДІҢ БІРІНШІ КЕЗЕҢІ ЖҮРІП ЖАТЫР

Шымкент қаласының жаңа бас жоспарымен 5 күнде 400-ге жуық адам танысты, ал 30 тұрғын жазбаша ұсыныс қалдырған. Ол талап-тілектерді мамандар қарап, тиістісі ескерілетін болады. Бұл туралы бүгін арнайы баспасөз мәслихатында айтылды.

Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов бастаған жұмыс тобы мегаполистің бас құжатын қала әкімі Мұрат Әйтеновке және мәслихат депутаттарына таныстырды.

Бас жоспар 21 маусымнан бастап бір ай көпшілік талқылауына ұсынылып отыр. Кез келген шымкенттік тұрғын құжатпен танысып, өзінің ұсыныс-тілегін қалдыра алады. Жауапты мамандардың айтуынша, бұл – бас жоспарды бекіту жұмысының бірінші кезеңі.

– Шымкенттің бұған дейінгі бас жоспары 2012 жылы бекітілген болатын. Әрине, ол кезде қаланың көлемі басқаша еді. 2015-2018 жылдар аралығында сол бас жоспарға өзектендіру енгізілді. Ал жаңа бас жоспар қаланың 2035 жылға дейінгі даму жоспарынқамтиды. Бұл құжаттың ерекшелігі сол – қаланың аумағы жалпы 275 кадастрға бөлінді. Алғаш рет Шымкенттің 117 мың гектар аумағының барлығына 1:10 000 масштабда векторлық топ түсірілім жасалды. Жаңа бас жоспарға сәйкес, қаланың дамуы поли орталық принципімен жүреді. Яғни, қаланың бір ғана орталығы мен басқа шеті деген ұғым болмайды, әр ауданның өз білім беру орталықтары, демалыс аймағы, әлеуметтік нысандары сияқты орталығы болады. Бұған қоса жаңа құжатта ЛРТ, БРТ сияқты көлік желілері орналасады. ЛРТ – жеңіл рельсті көлік, ал БРТ – арнайы жолақтағы автобус. Бұған қоса тағы бір ерекшелік, 2012 жылғы бас жоспарда қалаға соғатын желдің бағыты ескерілмеген. Қалаға жел көбінесе шығыс жақтан соғады. Ал қазіргі жоспарда желдің бағыты ескеріліп, ірі өнеркәсіпорындары қаланың батыс аймағындағы жаңа индрустриалды аймақта орналасады деп жоспарлануда. Шымкенттің солтүстік-шығыс бағытында көп қабатты үйлер көптеп салынады деп күтілуде, – деді Мақсұт Исахов.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов және мәслихат депуттаттар жаңа бас жоспардың сызбасы мен танысты.

– Бас құжаттағы маңызды тұстың бірі – инженерлік инфрақұрылымды, жол салуды дұрыс жоспарлау. Соңғы бас жоспар жасалған кезде қала тұрғындарының саны басқашаеді. Жыл сайын демография және көші-қон факторларының есебінен Шымкент тұрғындарының саны көбейіп келеді. Бұған қоса көлік кептелісін азайтып, жолдарды дамыту маңызды. Осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылып, барлық жұмыс жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Жалпы Шымкент заманауи мегаполис талабына сай келетін қала атанады деп жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.

Жаңа бас жоспарды нақтылау жұмысының екінші кезеңі – тұрғындардың ұсыныстары ескерілген соң күзге қарай қалалық мәслихат депутаттарының назарына ұсынылады.

Айта кетейік, Шымкеттің бас жоспарын «Градкомплекс» ЖШС жасауда. Мердігер мекеменің тәжірибесі мол, Қазақстанның көптеген қаласының жоспарын жасауға үлес қосқан, дейді жауапты мамандар. Компанияның шақыруымен Шымкентке Киев, Минск, Санкт-Петербург қалаларынан білікті мамандар келіп, кеңестерімен бөліскен.

«Шымкент келбеті» – Нұрлан Бектаев

Фото – Серік Қосаев

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.