ДІН МЕН ДӘСТҮР – ТЕРІС АҒЫМҒА ТОСҚАУЫЛ
Дін мен дәстүр – ең басты рухани құндылықтарымыздың бірі. Дінімізге берік, дәстүрімізге бекем болсақ, ешқандай теріс ағым бізді тура жолдан тайдыра алмайды.
Дін мен дәстүрдің қазақ қоғамындағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор. Дәстүрлі дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін өте қажет.
Әр халықтың өзіне тән, ғасырлар бойы қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі ғасырлар бойы халқымыздың бойындағы, тазалық, батырлық пен ерлік дәстүрін тудырған. Әлемде халықтар ішінде қазақ халқы ұлттық салт-дәстүрге ерекше мән берген.
Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Түрлі тарихи оқиғалар болса да дәстүрлі діннің тағылымы негізінде дін мен дәстүр қашанда бір-бірімен сабақтасып келген.
«Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін де бар» деп айтуға болады. Құран аятында «Кешірімді бол, ғұрыпқа, жақсылыққа бұйыр және надандардан жырақ бол» -деп әмір етеді. Ғұрып дегеніміз – бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс. Демек, Алла Тағала жоғарыдағы аяттарда қоғамда жағымды жағдайларды қалыптастырып, оларды негізге алуға әмір етіп тұр.
Ислам діні әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері – әдет-ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Сондықтан ислам ғұламалары әдет-ғұрып мәселесін талдап, оның өзін жеке бір тақырып етіп зерттеген. Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болып та табылады.
Ислам ғалымдарының бірі «Ислам шариғатында, «Әл-ъурф» (ғұрып) және «әл-ғада» (әдет) деп аталатын, адамдар арасында қалыптасқан салт пен дәстүрді айқындайтын үкімдер бар» деген. Имам Сархаси: «Шариғатқа қарсы келмеген әдет және ғұрыппен бекітілген нәрсе, шариғатпен бекітілгенмен тең болады!» -деген. Егер әдет-ғұрып шариғатқа қайшы келмесе, оған Ислам тыйым салмайды. Халқымызда «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген нақыл бар. Осыған орай ғұрыптардың барлығы дерлік әлбетте бірдей емес. Сол үшін де, оларға бір жақты қарауға болмайды.
Себебі, әдет-ғұрыптардың ішінде тыйым салынатыны, сондай-ақ рұқсат етілетіні, тіпті орындалуы қажет болып табылатындары да бар.
Салт-дәстүр – Құран мен Сүннет мәтіндеріне және ғалымдардың бір ауыздан келіскеніне немесе шариғатта бекітіліп қойған үкімге қарама-қайшы келмеуі тиіс.
Әдет пен ғұрып, сирек кездесетін емес, кең тараған болуы қажет. Имам Суюти: «Салт-дәстүрмен тек, егер олар кең тараған яғни қоғамдық ортада мойындалған болса ғана санасады, ал егер олар айқын болмаса, есепке алынбайды», -дейді.
Салт-дәстүр бізге бұрынғылардан жеткен, қазіргі таңда да қолданыстағы дәстүр болуы керек. Өйткені, салт-дәстүр уақыттан-уақытқа, халықтан-халыққа ауысып келе береді.
Дәстүрлі Ислам – адамгершілік пен парасаттылықтың, қайырымдылық пен ізгілік діні. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып келген дәстүрлі дінін, әдет-ғұрпын жоққа шығарып, іріткі салушы кереғар діни топтар бар, олар қайдағы бір ағым, секталардың сойылын соғып жүргендер.
Хадисте «Шын мұсылман – тілі мен қолынан ешкімге еш зияны тимейтін адам» деген. Ал, бүгінде жасыратыны жоқ, өзін мұсылман-намазханмын деп жүріп, ата-анасына тіл тигізіп, асын ішпей, өз ұлтынан жиреніп, ұлттық ғұрыпты харам, ширк, бидғат деп, салт пен сүннетті қағыстырып жүрген бауырлар бар. Мұны әлбетте олардың діни білімсіздігі, надандығы деп білгеніміз абзал. Ондайлардың көзқарасына бола Исламға шошына, үрке қарауға болмайды.
Жалпы қоғамда жат ағымдар мәселесі өзекті болып тұрғаны да баршаға аян. Бұл бағытта елімізде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған арнайы бағдарлама да қабылданып, Шымкент қаласында да ауқымды жұмыстар атқарылу үстінде. Қаладағы барлық білім ордаларында, түрлі мекемелерде, мешіттерде де жастарды жат ағымдардан сақтандыру мақсатында көптеген игі шаралар, танымдық, тағылымдық кездесулер де жиі ұйымдастырылып жатыр. Бұл ортақ іске Шымкент қаласы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог мамандары да сүбелі үлес қосып келеді. Мәселен, жуырда Шымкент қаласы Дін істер басқармасының ұйымдастыруымен «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелері» атты діни қызметкерлерді кәсіби қайта даярлау және біліктілігін арттыру семинары өтіп, аталмыш шараны Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Абдрахманов жүрізіп отырды. Ал дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров, «Шымкент» медресе-колледжінің директоры Талғат Әсембай, Шымкент қаласы дін істер басқармасының бөлім басшысы Бақыт Әлиакбарұлы, Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы Бесбаев Мәди Әбзелбекұлы, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті “Рухани жаңғыру және тәрбие бөлімінің басшысы, т.ғ.к. Анарбаев Қайрат Сапарханұлы, Шымкент қаласы «Байғұт баба» мешітінің бас имамы, ҚМДБ-ның РАНТ мүшесі Дастан Сүлейұлы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Заң факультеті, Халықаралық қатынастар және халықаралық құқық кафедрасының меңгерушісі, Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Бекбосынов Ермек Төленұлы және Шымкент орталық мешітінің ұстазы, ҚМДБ-ның РАНТ мүшесі Нұрсұлтан Мамедалиевтер арнайы баяндама оқыған семинарға Шымкент қаласына қарасты барлық мешіттердің дін қызметкерлері мен «Әйел-қыздар» секторының ұстаздары қатысты.Сондай-ақ, семинарға қатысушыларға сертификат берілді.
Қорыта айтқанда, ұлттық асыл құндылықтарымызды дәріптей отырып, оны паш ету – баршаға парыз. «Дінді ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» дегендей, ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі дініміз бен әдет-ғұрпымызды қадірлеп, құндылықтарымызды дұрыс сақтай алсақ қана теріс ағымдар насихатына тосқауыл қоя аламыз.
И.Айтаев,
дінтанушы, АТТ мүшесі, Шымкент қаласы.