• «AMANAT»: МОБИЛЬДІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ЖОБАСЫ САЙРАМДА ЖАЛҒАСТЫ
Ауыл халқын толғандырған мәселелер партияның ықпалымен оң шешіліп келеді. Түркістан облысында 15 наурыздан бастап партия филиалының мобильді қоғамдық қабылдау жобасы аясында 181 шалғай елді мекен тұрғындарымен кездесу өтті.
Бүгін аталған жоба Сайрам ауданы, Жібек жолы елді мекенінде жалғасын тапты. Өңірге арнайы келген партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов сайрамдықтардың мұң-мұқтажын тыңдады.
— Партияның осы жобасы арқылы барлық ауыл-аймақты қамту жоспарланған. Бірінші жартыжылдықтың өзінде республика бойынша 600-ге жуық мобильді қоғамдық қабылдау өткізіп, 780 ауылды қамтыдық. Тіркелген өтініштердің 54%-ы оң шешілді. Бүгін Сайрам ауданында көтерілген 5 негізгі мәселені атап өтуге болады. Су мәселесін талқылай келе, жергілікті бюджеттен 22 млн.теңге қаржы бөлініп, құбыр қазуға жұмыстар жүргізіліп жатқанын анықтадық. Сондай-ақ, білім нысандарын көбейту, жайылым жер жетіспеушілігі, инфрақұрылым мәселелері партия жанындағы жобалар және комиссиялар арқылы іске асырылады, — деді А.Дулатұлы.
Бүгінгі қабылдауға 50-ден астам азамат өз уәждерін тиісті орындарға жеткізуге келді. Мәселен, ауыл тұрғыны Қуаныш Балтабай үш ауысымға ауысу қаупі бар мектептің мәселесін айтты.
— “Ә.Бөкейханов” атындағы 640 орынға шақталған мектепте қазір 1000-нан аса оқушы білім алуда. Қосымша нысан салуға мектептің аумағы кең болғандықтан мүмкіндік әбден бар. Осы мәселені 5 жылдай уақыт болды көтеріп келеміз. Оқушылардың тар жерде сабақ оқуы білім сапасына да әсер етпей қоймайды. Бүгін партия ұйымдастырған қабылдауда шешілуіне ықпал етуін сұрадым. Бақылауға аламыз деген жауап алдым- деді ауыл тұрғыны.
Облыстық партия филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары П.Тұрсынбаевтың айтуынша бүгінге дейін жоба аясында тіркелген 765 өтініштің 41 пайызы яғни 315-і оң шешілген. Ал қалған 450 шағымға заң аясында түсіндірмелер берілді. Тұрғындардың талап-тілегі 3 деңгейде қаралады. Атап айтқанда жергілікті, облыстық және республикалық деңгейде мәселенің ақ-қарасы анықталып, өтініш иелеріне хабарланады.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі