ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 325,5 МЫҢ ГЕКТАР ЖАЙЫЛЫМ ЕЛГЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ
Жайылымдарды елге қайтару жұмысы жалғасады. Бұл мәселе бүгін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық отырысында талқыланды.
– Жайылым қорын молайту – өте маңызды әрі жауапты мәселе. Аудан әкімдері жауапты басқармалармен бірлесіп жұмысты жалғастырулары тиіс. Біздің меже – бір миллион гектар жайылымды қайтару. Қазірдің өзінде 30 пайызы қайтарылып үлгерді. Меморандум арқылы жақсы жұмыс істеліп жатыр. Жердің иелері жайылымға мұқтаж жандар өздерінің ауылдастары екенін түсінулері тиіс. Игерілмей жатқан жерді ешкім бос қалдырып қоя салмайды. Әр ай сайын осы мәселе аппарат отырысында күн тәртібіне енгізіліп тұрсын. Жайылым мәселесі тікелей қадағалауда болады, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Е.Тілегеннің айтуынша, 2022 жылы елді мекендердегі ортақ жайылым көлемін 1012,0 мың гектарға ұлғайту жоспары әзірленіп, елді мекендерді ортақ жайылыммен қамтамасыз ету бойынша әр айға жоспар кестесі бекітілген. Ол жұмыстар 2 бағытта жүзеге асырылуда. Бірінші бағыт бойынша мақсатына сай пайдаланылмаған 405,2 мың гектар жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару көзделсе, екінші бағыт бойынша ірі жер пайдаланушылар мен меморандум арқылы 606,8 мың гектар жерді қайтару жоспарланған. Жыл басынан бері елді мекен тұрғындары 325,5 мың гектар жайылыммен қамтылды. 58,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, меморандум арқылы 267 мың гектар жайылым елге берілді. Сонымен қатар 2021 жылы құрылған жұмысшы топ тарапынан аудан, қала әкімдіктері бойынша жайылым жер учаскелеріне зерделеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 476,2 мың гектар жайылым жер мақсатына сай пайдаланылмағандығы анықталып, хабарлама берілген.
Аппарат отырысында облыс аумағында салынып жатқан мектептердің құрылыс жұмыстарының барысы да сараланды. Түркістан облысы құрылыс басқармасының басшысы Т.Усубалиевтің мәлімдеуінше, өңірде 2022 жылы 59 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл оның 21-ін пайдалануға тапсыру жоспарланған. Бәйдібек, Түлкібас, Келес, Мақтаарал, Сарыағаш аудандарындағы 5 мектеп қыркүйек айында пайдалануға беріледі. 16 мектептің құрылыс жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталмақ. Өңір басшысы құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, нысандарды мерзімінде ел игілігіне тапсыру жөнінде тапсырма берді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі