Түркістан облысында Қоғамдық кеңес Төрағаларының қатысуымен «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер» картасы талқыланды
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінде қоғам өкілдерінің қатысуымен «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер» Картасы талқыланды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған мақсатты жиынға Департамент басшысы Қанат Қожахметов, Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің сыбайлас жемқорлық көрінісіне қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Уалихан Кайназаров, Департаменттің Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов, облыстық, қалалық/аудандық Қоғамдық кеңес Төрағалары, кеңес жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия Төрағалары мен мүшелері, сондай-ақ үкіметтік емес ұйым мен БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде Агенттікпен әр өңір бойынша әзірленген «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасындағы» 8 бағыт бойынша алдағы уақытта Департаментпен атқарылатын жұмыстар ортаға салынып, қоғамды сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне қарсы күреске барынша жұмылдыру мәселелері талқыланды.
Жиынға төрағалық еткен Қанат Оспанұлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны сапалы іске асыру — мемлекет саясатындағы басым бағыттардың бірі екендігін баса атап өтіп, алдағы уақытта да облыстағы жемқорлық деңгейін төмендету мақсатында Департаментпен жан-жақты жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Шарада сөз алған Уалихан Анарбайұлы «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер» Картасында көрсетілген салалардың бүгінгі күні Түркістан облысында да өзекті мәселеге айналғанын ашық баяндап, жалпыға ортақ мақсат саналатын жемқорлықты болдырмау бойынша Департаментпен бірлесе жұмыс жасауға бастама білдірді.
Сондай-ақ, күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша Превенция басқармасының басшысы Е.Жүнісов баяндама жасап, азаматтық қоғамды сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне қарсы күреске барынша жұмылдыру, тұрғындар арасында жемқорлыққа қарсы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер» Картасындағы тәуекелдерді жоюға бағытталған жұмыстарды бірлесіп жүзеге асыруға және осы өзекті мәселелер бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізуді ұсынды.
Мәжіліс отырысы соңында облыстық, қалалық/аудандық Қоғамдық кеңес төрағалары мен комиссия мүшелері облыстағы білім беру, денсаулық, тұрғын үй салалары мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жиі ұшырасатын жемқорлық тәуекелдерін ашық атап өтіп, оларды жою бойынша нақты ұсыныс-пікірлерін Департамент басшылығының назарына жеткізді.