БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ ПАРТИЯНЫҢ БАҚЫЛАУЫНДА

Баршаңызға белгілі өткен аптадан бастап еліміздің барлық облыс және аудандарында 216 партиялық мониторинг және қадағалау тобы жұмысқа кірісті. Олар сауда нысандарын тексереді және әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасына мониторинг жүргізеді. Міне, осы мақсатта бүгін «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанынан құрылған арнайы топ үшінші шаһардағы «Qyrgy bazar» және «Magnum» сауда орнында болып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізді.
Жоғырада аталған базар мен сауда орнында әлеуметтік азық-түлік бағасы жауапты басқарма белгілеп берген бағадан аспағанымен тауар тапшылығы байқалады. Мәселен, «Magnum»-ға барсаңыз әлеуметтік маңызы бар саналатын азық-түлікті бірден байқау қиын. Себебі сөрелердің ең төменгі қатарында не болмаса шеткері жайғасқан. Бағасы 2230 теңгеге бекітілген сиыр еті саусақпен санайтындай аз мөлшерде сатылуда. Осы және өзге де мәселелер бойынша сауда орнының басшылығына ескерту жасалды. Сол секілді тұтынушыларға сүт өнімдері мен жарма дақылдары да арнайы белгіленген бағада ұсынылған. Дәл осы «Magnum» сауда орталығында қанттың келісі 480 теңгеге және бір сатып алушыға екі келіден артық сатылмайды. «Qyrgy bazar»дағы жағдай сәл басқа. Базардағы көкөніс пен жеміс сататын кәсіпкерлердің айтуынша, тауар бағасы делдалдарға да тікелей байланысты. Саудагерлер күнделікті жеткізілетін көкөністің құны күн сайын өзгеретінін жеткізді. Жергілікті диқандардың өнімімен қатар Павлодар өңірінен келген дақылдар да сатылуда.
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанынан құрылған арнайы топтың құрамында көшбасшы партияның Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Ж.Бектаева, Атқарушы хатшының орынбасарлары Б.Тулегенов, М.Қалмұратов, қалалық мәслихат депутаттары Ж.Таңатарова, Т.Сұлтанова, Ауылшаруашылық және ветеринария басқармасының «Азық-түлікпен қамту» бөлімінің басшысы Қ.Базарбеков, журналистер және қоғам белсенділері бар.
Алдағы уақытта қала аумағындағы сауда орындары мен базарларда азық-түлік бағасына мониторинг жұмыстары тұрақты жүргізіліп тұратын болады.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.