• ДЕПУТАТТАР «AMANAT AQYLMAN» САЙЫСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ

Зияткерлік бәйгелер азаматтардың ой-өрісін шыңдап, білімге деген талпынысын арттыра түседі. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен өңірдегі әр ауданда өтіп жатқан «AMANAT AQYLMAN» интеллектуалды сайысы Қазығұрт ауданында жалғасын тапты.

Байқауды ұйымдастырушы — «Jastar Ruhy» ЖҚ Түркістан облыстық және партияның Қазығұрт аудандық филиалдары. Білім бәйгесіне қазылық етуші партияның аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Есімхан Исақұлов, жастар қанатының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман және қоғам белсендісі Азат Дидарбек қатысушыларға сәттілік тіледі.

— Мұндай ой бәйгесінің аудандарда өтіп жатқаны қуантып отыр. Өйткені ауыл-аймақта зерек азаматтарымыз көп. Олар өздерінің біліктілігін кей кезде көрсете алмай жатады. Мұндай сайыстар белсенділікті арттыруға, білім мен ғылымға деген құштарлығын оятуға ықпал етеді. «AMANAT AQYLMAN» интеллектуалды ойыны жас талғамайтындығымен де ерекшеленеді. Осындай зияткерлік ойындарын жиі өткізіп, мейлінше қолдағанымыз дұрыс,-дейді Е.Исақұлов.

Зияткерлік додаға аудандағы білімді де білікті жандардан құралған 8 ұжым қатысты. Сайыс 4 кезеңнен тұрды. Қатысушыларға аудан тарихы, өнер саласы, партиялық жобалар мен түрлі тақырыптар төңірегінде сауалдар қойылды. Интеллектуалды сайыстың қорытындысы негізінде «Мұрагер», «Абзал жандар», «Жалын», «Ағартушы», «Әзірге білмейміз» ұжымдары белсене қатысқаны үшін алғыс хатпен марапатталды.

Ал, аудандық Адами әлеуетті дамыту бөлімінің мамандарынан құралған «Парасат» командасы 3-орынды иеленсе, «Төлеби» бастауыш партия ұйымының «Төлеби» құрамасы 2-орынға қол жеткізді. Тартысқа толы сайыста аудандық мәслихат депутаттарынан құралған «Халық қалаулылары» командасы жеңімпаз атанып, облыс орталығы Түркістан қаласында өтетін ақтық сынға жолдама алды. Жүлдегерлер мен жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.