Қарауылға қырандай қырағылық керек

Мұнарадан қырағы көзбен жан-жағын барлап сарбаз тұр. Автомат асынған төрт-бесеуі тікенекті сым қоршаудың бойымен айналасын шолып келеді. Аса жауапты жұмыс арқалап жүрген олар – Ұлттық ұлан сапындағы сарбаздар.

Кез келген түзеу мекемесіндегі әскерилерге қырандай қырағылық керек. Қылмыс жасап, қамалғандардың не ойлап жүргені өздеріне ғана аян. Сондықтан да түзеу мекемесін күзететін әскерилер әбден дайындықтан өтеді. Мұнда қару қолдану өз алдына, моральдық-психологиялық тұрғыдан әзір болмаса, қиындау. Алда-жалда біреу-міреу сытылып қашса, сарбаздар сасқалақтамай, ережеге сай қимылдауға тиіс. Оқиға болған орынға жету нормативтері де белгіленген. 100 метр жерге 30 секунд болса, бір шақырым жерге 5 минутта жету қажет. Тыңғылықты дайындықсыз, сауыт киіп, қару арқалап жүгіру оңай емес.Кешегіабақтыданқашқандарды ауыздықтаған Ербол  Отарбаевтың,  окопқа түскен гранат жарылысынан курсантты құтқарып қалған Қайрат  Үмбетовтің ерліктері – ел есінде. Солармен иық тірестіре қызмет еткен Шығыс өңірлік қолбасшылығына қарасты 6699 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, подполковник Мақсұт Жүсіпбеков әскери өмірдің қызығы мен шыжығын әңімелеп берді.

– Қызметіміз қиын. Жауапкершілік жоғары. Сарбаздардың нағыз жауынгер болып шығуы үшін офицерлер, сержанттар оқытады, тәрбиелейді. Кейін қасиеттеріне, кәсібиліктеріне, оқу-жаттығудағы көрсеткіштеріне қарай бөлінеді. Бөлімде бес атқыштар ротасы бар. Бәрі түзеу мекемелерін күзетеді. Олардың үшеуі Өскеменде, екеуі Шемонайха мен Жаңғызтөбеде орналасқан. Бөлініске бөлінген соң әр күзету мекемесінің ерекшеліктеріне қарай екі апта тағы дайындықтан өтеді. Кешегі жас бала – бүгін жауынгер, – дейді подполковник Мақсұт Жүсіпбеков.

Жас сарбаздар жауынгерлік қызметке түскен соң түзету мекемесінің ішіндегі тәртіпті бақылайды, істі болғандарды абақтыларға, тергеу оқшаулағышына айдауылдайды. Мақсұт Жүсіпбековтің айтуынша, қолға қару алған соң арагідік сын сәттер болып тұрады. Қауіптің бетін қайтару үшін сарбаз кез келген тосын оқиғаға үнемі дайын жүреді.

– Әскери қызметтегі жиырма жыл ішінде оқыс жағдайлар көп болды.  Атырауда лаңкестік топтарды қолға түсіру операцияларына қатыстым. Діни жат ағымда жүргендер қорқуды білмейді. Ондайда оқ атудан бұрын өз-өзіңе бекем болуды ойлайсың. Сондай жағдайда батырлық танытқан әріптестерімді кейінгі буынға үнемі үлгі етіп жүремін. 2011 жылы Балқаштағы 36-шы түзеу мекемесінен қашпақ болғандарды байқаған Бекжан Әлсейітов қару қолданып, тоқтатқан. Егер ол тоқтататпаған жағдайда, бір топ қылмыскер қашып шығып, қоғамға қауіп төндірер еді. Отан алдындағы қызмет деген сол емес пе, – дейді Мақсұт Жүсіпбеков.

Қызылорда өңірінің тумасы, подполковник М.Жүсіпбеков сегізінші сынып оқып жүргенде-ақ әскери мектепке оқуға түскен. Сол жерден әскери өмірдің әліппесін меңгеріп, Петропавлдағы Ұлттық ұлан Әскери институтында білімін толықтырған. Әу баста әскери оқуға түрткі болған Түркияның жандармериясында оқып жүрген көршісінің баласы еді. Мақсұт мақсатына жетті. Бала арманы орындалды. Еңбек жолын Қазақстанның батысынан бастаған ол бүгінде елдің әр өңірінде қызмет етіп келеді. Қызмет бабымен Қазақстан көлемінде көшіп-қонып жүргеніне оның отбасы да үйреніп алған. Бір қалада сәл ұзақ тұрақтап қалса, бала-шағасы «көшпейміз бе?» деп елеңдей бастайды екен.

Жалпы, Отан алдында борышын өтеу үшін сапқа тұрған сарбаздар әскери өмірге тез үйренісіп, келісімшартпен қызметте қалып жатады. Ұлттық ұлан Әскери институтында оқып, офицерлік қызметке келгендер де жауынгерлік жұмысқа жауапкершілікпен қарайды.

Сұсты дуалды бойлап, сарбаздарды бастап келе жатқан лейтенант Шыңғыс Әділбек те Петропавл қаласындағы әскери оқу орнының түлегі. Оқуын тәмамдап, дипломын алған соң бұйрықпен Шығысқа жіберілген. Жас офицердің 6699 әскери бөлімінде қызметке кіріскеніне көп бола қойған жоқ. Жоғары білім дипломын алған офицерлерді алғашында взводқа басшы етеді. Уақыт өте алғырлығына, талабына қарай рота командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Содан кейін ғана ротаға командир болады.

– Әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеуге келген сарбаздарды жауынгерлікке тәрбиелеумен айналысамыз. Ай сайын атыс алаңында оқу-жаттығу жұмыстарын жүргіземіз. Мұнда әскери тәртіп болғанымен, сарбаздардың көңіл күйіне, мінезіне міндетті түрде қарайлаймыз. Демалыстарын, туған күндерін ерекше етіп ұйымдастыруға тырысамыз, – дейді  лейтенант Шыңғыс Әділбек.

Жауынгерліктің қыр-сырын әбден меңгеріп барып, әскер сапына қызметке келген Шыңғыс Әділбектің бір міндеті де осы – белгіленген кестеге сәйкес қатардағы жауынгерлерді бастап, шақырымдарға созылып жатқан түзеу мекемесінің аумағын бақылап қайтады. Бақылап қана қайтпайды, қоршаудың бойындағы әр метрге мән береді. Бұрын дуал мен тікенекті сым тартылған қоршау арасындағы үш-төрт метр жолақпен ат жетектейтін. Сонда аттың сезімталдық қасиетін айтсаңызшы, жер астынан үңгіп қазылған тұстан секіріп өтеді екен. Қазір техниканың көмегімен жер астының қазылған-қазылмағандығын анықтайды.

Осылайша біз түзету мекемесінің төрт бұрышын кірпік қақпай күзететін Ұлттық ұлан өрендерінің жауынгерлік қызметімен таныстық, сарбаздарымен әңгімелестік. Сөздері нық, ойлары орынды. Іштерінде құралайды көзге атқан сұр мергендер де, қарсы келгенді алып ұратындай балуандар да бар. Берген антына сай қызмет етіп жүргендеріне риза болдық.

Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,

Өскемен қаласы

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.