ТҮРКІСТАН: ЕРЕКШЕ БІЛІМДІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН ОҚУШЫЛАР ҰСТАЗДАРҒА АРНАП ӨНЕР КӨРСЕТТІ
Түркістанда ұстаздар мерекесіне орай ерекше білімді қажет ететін балалар арасында «Мен өмірді сүйемін» атты мерекелік іс-шара өтті.
Үйде оқытылатын балаларды қуанту мақсатында ұйымдастырылған кеште қамкөңіл 17 оқушы өз өнерін ортаға салды. Тағылымды шарада ата-аналар ұстаздарға деген ақ тілегін арнап, алғыс білдірді.
«Балаларға мерекелік кештің әсер еткені соншалық, олардың эмоциясынан байқалды. Мәселен, Ғ.Мұратбаев атындағы №5 жалпы орта мектебінің үйде оқытылатын 4-сынып оқушысы Әдемі Жұмабай жүрекжарды тілегін айту үшін ортаға шығып, өз ілтипатын білдірді. Жалпы облыс орталығында 284 бала үйде оқытылса, 93 оқушы инклузивті кабинетте білім алады. Оларға 20 дефектолог пен 33 ассистент білім беруде», — деді қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің дефектология саласының әдіскері Дана Бабишева.
Кешті қорытындылау сәтінде Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының бас маманы Ғалия Жанаева ұстаздардың оқушыларға деген сыйлықтарын ұсынып, мақтау қағаздарын табыстады. Сондай-ақ, қала аумағындағы мектептердегі дефектолог мамандарға еселі еңбегі үшін қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасованың арнайы Алғыс хаты табысталды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі