Шымкент: Күйеуі өз әйелінің ұялы телефоны мен ноутбугын ұрлап кетті
Оқиға 2022 жылдың 24-қыркүйегінде, түнгі сағат 21:30 шамасында орын алған. Әйелінің құны қымбат телефоны мен ноутбугын ұрлаған азаматтық некедегі куйеуі техникаларды сатып, содан пайда таппақ болыпты.
Шымкент ҚПД Қаратау АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті жердің 32 жастағы тұрғыны арызданған. Ол өз арызында, кешкі уақытта жұмыстан үйіне келген кезінде, өзінің азаматтық некедегі күйеуі құны 197 мың теңге тұратын «Poco J-3» маркалы ұялы телефоны мен 500 мың теңгелік «HP» маркалы ноутбугін жасырын жымқырып кеткендігін көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 697.000 (алты жүз тоқсан жеті мың) теңгені құрап отыр.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Тәртіп сақшылары жүргізген жедел іздестіру іс-шарасы барысында күдіктіні ізін суытпай, бір тәулік ішінде қала аумағынан қолға түсірді. Ол Түркістан облысы, Түлкібас ауданының тұрғыны болып шықты. Жасы — 33-те.
Ұсталған азамат өз кінәсын толықтай мойындап, бұл заңсыз әрекетке баруына екеуара бас араздығы себеп болғанын жеткізді.
Қазіргі кезде айғақты зат тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Полицейлер күдіктінің басқа да осы тектес жайттарға қатысы барын анықтауда. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі