Шымкент: Заңсыз балық аулау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді
2022 жылдың 28-қыркүйегінде, Шымкент ҚПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының Табиғатты қорғау тобының инспекторлары және Түркістан облыстық балық инспекциясы бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп, рейдтік іс-шара өткізді.
Аталған іс-шараның мақсаты – браконьерлікті, биологиялық ресурстар объектілерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу болып табылады.
Шара барысында арнайы топ қала аумағындағы Ақпан батыр көшесінің бойында балық сатумен айналысатын тұлғалар мен «Қырғы базардағы» балық аулау құралдарын сататын орындарға барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары заңмен тыйым салынған құралдарды сатудағы шектеулер туралы толығырақ айтып, заңсыз балық аулау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартуға әкеліп соқтыратынын жеткізді.
«Балық аулауға тыйым салынған құралдар пайдаланып, балық аулау қағидаларын бұзып, заңды белшесінен басып пайда тауып жүретіндер бар. Осы ретте, заңсыз балық аулаған азаматтарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 383 бабының 1 бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік хаттама толтырылған жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады» — деді полиция майоры Ұлықбек Сабаев.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі