Шымкент: Танысының атына несие рәсімдеп, алдап кеткен азаматша анықталды
Тауарлық несие шығарып беремін деп, айласын асырғандар саны азаймай тұр. Кезекті жайт Шымкентте, 2022 жылдың 4-қазанында орын алған.
Абай АПБ-ның кезекші бөліміне Түркістан облысының 36 жастағы тұрғыны арызданған. Ол арызында, бір жылдан бергі танысы телефон қосымшасы арқылы 1 000 000 (бір миллион) теңгелік тауарлық несие шығарып беремін деп сеніміне кіріп, түскен қаржыны алаяқтық жолмен иемденіп кеткенін көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 1 000.000 (бір миллион) теңгені құрап отыр.
Аталған жайт ҚК-тің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Тәртіп сақшылары барлық қажетті шараларды қабылдап, жедел іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде, полиция қызметкерлері күдіктіні тәулік ішінде қала аумағында қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы — 32-де, жұмыссыз. Екі баланың анасы.
Ұсталған азаматша өз кінәсін толықтай мойындап, заңсыз әрекетке қаражаттан қысылғандықтан барғанын жеткізді.
Қазіргі кезде күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі